Бүгін Нұрлан Нұрмахановтың туған күні! Ердің жасы елуге келіп жатыр. Бұл есім Сыр өңірі журналистикасында ойып тұрып орын алады. Студент кезінен қолынан қаламын тастамай, Қызылордадағы ақпарат құралдарымен байланыс құрып, әр жанрда материал жазып, оқырманның жүрегінен орын тапты. Оның шағын ақпараттан бастап корреспонденция, репортаж, сұхбаттары өз алдына, проблемалық және сыни мақалалары көптің есінде. Ал қаламынан туған фельетондары мен сатиралық шығармалары келеңсіз жағдайлардан жиіркендіру арқылы қоғамды тәрбиелеуге бағытталғанын бағамдау қиын емес.

Нұрлан Көбегенұлының журналистикаға қадам басқанына отыз жылғажақындап қалды. 1993 жылы Қызылордаға оқу іздеп келген оның алғашқы туындысы облыстық газетте 1994 жылы жарық көрді. Сол жылы радиодан корреспонденциялары, мақалалары көпшілікке жетті. Оқуын тәмамдап, қолына диплом аламын дегенше тыным таппаған қаламгердің журналистикадағы қолтаңбасын, бүгінгі жетістікке жеткен қадамдарын үзеңгілестері жақсы біледі.

Өнегелі өмірбаян

Ол «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп емес, «бірнеше кеменің басын ұстай алмаған суға кетеді» деп санайды. Сондықтан ба, қазіргі таңда «Әлімсақ» журналының және «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы сынды бірнеше жұмысты қатар істеп отыр.

Әріден қозғар болсақ, ол 1974 жылы 25 сәуірде Арал ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген.

– Менің туған жерім – өткен ғасырдың басында Кеңес дәуірінде елімізге мәшһүр болған тарихи мекен. Революция көсемі атанған В.Лениннің аштықтан бұратылып жатқан Поволжье халқына көмек сұрап жазған хатынан кейін, жауап ретінде балықшылар күні-түні Арал теңізінде су маржанын сүзіп, өздері балықтың сүйегін суға қайнатып, талғажау етіп отырса да, 14 вагон шикі балық жөнелткен, бойында қайсарлық пен имандылық ұялаған азаматтары бар ауыл. Есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылып қалған қайсар ақын Зейнолла Шүкіров туған топырағы құнарлы жер. Мен осындай мақтануға тұрарлық ауылда дүниеге келдім. Осы ауылдың топырағында аунап-қунап өстім, – дейді қаламгер.

1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Әдеби қызметкер» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2010 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.

Еңбек жолында да сатылап өскен. 1997-2000 жылдары Сыр елiнiң танымдық, ақпаратты басылымы «Ақмешiт апталығы» газетiнде бөлiм меңгерушi, 2000-2009 жылдары аралығында республикалық қоғамдық-саяси «Халық» газетiнде бас редактордың орынбасары, бас редакторы, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы, 2009-2011 жылдары қоғамдық-әлеуметтік, экологиялық «Табиғат тынысы» газетінің бас редакторы қызметтерiн атқарған. 2009 жылдан республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық басылым «Әлімсақ» журналының, 2011 жылдан қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы. 2000 жылдан бастап Қазақстан Журналистер одағының мүшесi және филология ғылымдарының кандидаты атанады.

Ой еңбегінің ерені

Шығармашылықта да шыңға шыға білді. Оның өлеңдері 1996 жылы «Теңіз дауысы» атты аймақтық ақындардың жыр жинағына, 2003 жылы «Жүректегі жауһарлар» атты ақын-жазушылар шығармаларының жинағына, 2007 жылы «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты қаламгерлер шығармашылығы жинағына енген. «Алдаркөсенің ұрпағы» (2010) кітабының авторы. 2019 жылы «Алтын қалам» сериясы бойынша «Қазақ сатирасы» кітабына үздік әзілдері енген.

«Жылдың үздік журналисі», «Өткір тілді журналист», «Жыл журналисі», «Қоршаған ортаны қорғаушы журналист», «Руханият жаршысы», «Тарихи таным» номинациялары және ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің, Қазақстан Журналистер одағының, Қызылорда облысының құрмет грамоталары Нұрлан мырзаның еншісіндегі марапаттар.

Н.Нұрмахановтың Абай атындағы Алматы мемлекеттiк университетi шығарған «Қазақ әдебиетiндегi тұлға мәселесi» ғылыми еңбектер жинағында «Жанқожа батыр туралы жырлардың тарихилығы» (1999 жыл), Қарақалпақ республикалық «Өркен» әдеби көркем, ғылыми-публицистикалық журналында «Бозбала Жанқожаның батыр тұлғасы» (2001 жыл), «Ел қорғаны ер Жәкем» (Алматы, 2006 жыл) көркем әрi ғылыми жинақ-кiтабында «Жанқожа батырдың бейнесi қалай сомдалу керек?» атты ғылыми мақалалары жарық көрген. Бұдан өзге де ғылыми журналдарда, жергiлiктi басылымдарда ғылыми мақалалары жарияланған. Отыздан аса ғылыми мақаласы жинақтарда жарық көрген.

Кейіпкеріміз түрлi деңгейдегi ғылыми-тәжiрибелiк конференцияларға қатысқан. 2004 жылы Махамбет Өтемiсұлының туғанына 200 жыл толуына арналған республикалық, 2005 жылы Ә.Қоңыратбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай өткiзiлген «Ежелгi түркi өркениетi және Қорқыт ата мұраларын зерттеудiң өзектi мәселелерi» атты халықаралық, 2006 жылы «Жанқожа батырдың тарихи тұлғасы және Сыр елiндегi ұлт-азаттық күрес» атты облыстық, 2007 жылы С.Қирабаевтың 80 жылдығына арналған республикалық ғылыми- тәжiрибелiк конференцияларға атсалысқан. 2014 жылы Жанқожа батырдың 240 жылдығына арналған республикалқ ғылыми конференцияда жанқожатанушы ретінде бас баяндамашылардың бірі болды.

«Халық батыры Жанқожа», «Қызылорда облысындағы тарихи-танымдық туризмнің бүгінімен болашағы», «Үздік жас ғалым», «Жанқожа батыр туралы жырлар», «Әлімсақ» – тарих темірқазығы, ұлт тамыршысы» атты кітаптарды құрастырып шығарған.

2012-2015 жылдары Сыр бойының қайсар қаламгері Зейнолла Шүкіровтің рухын асқақтату мақсатында жас ақындар арасында «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты жыр мүшәйрасын және 2014-2015 жылдары «Үздік жас ғалым» ғылыми мақалалар конкурсын ұйымдастырды.

– Мен үшін шабыт – адам бойын еріксіз билеп алатын ерекше сезім. Шабыт келген- де өзіңді де танымай қалуың мүмкін. Жеңіл сезініп, терең тыныстап, рахаттанып, рухтанып, барыңды сарқып тастауға тырысасың. Әлбетте, ол кезге санаға жинаған білімің, көрген-білген тәжірибең, қарым-қабілетің – бәрі-бәрі шабыттың айналасына тоғысады.

Шабыт үшін көңіл-күйдің орны бөлек. Реті келсе, көңіл-күйді түсірмеуге, болмашыға ашуланбауға тырысқан жөн. Бірақ бұл көңілді жүретін адамның шабыты толассыз келеді де- ген сөз емес. Рас, шығармашылық адамның шабыты асып-тасып жататын кезі де, керісінше, шығармашылық тоқырауға ұшырайтын тұсы да болады. Сол кездерде әр адам өзінше шабыт шақырады.

Менің шабытым – өзімнің екінші бейнем. Өзіммен-өзім сөйлесем, сырласам, ақылдасам, сұхбат құрамын. Өз-өзіме келгеннен кейін публицистикалық дүниелерімді жазуға отырамын. Әзіл әңгіме жазатын болсам, кейіпкерлеріммен бетпе-бет келемін. Егер сатиралық бейне болса, аямаймын, қағытамын, жер қыламын. Юморлық бейне болса, қалжыңдасам, рахаттанып күліп аламын. Ал өлең жазатын болсам, ақындардың, кейде өзімнің өлеңдерімді қатты дауыстап бірнеше рет оқып, поэзия әлеміне еніп, шабытымды шақырып аламын. Бұл – менің өмірім.

Негізі, шығармашылық – ауыр жол. Осы жолда өзіңді аямауың керек. Сондықтан болар, айнаға қарап отырып, өзімді сынаймын. Өз-өзіме есеп берем, кейде өзіме риза болам, кейде өзіме қарауға ұяламын, – деп сырымен бөлісті Н.Нұрмаханов.

Лебіздер легі

– Бүгін БАҚ саласында тұғыры биік қарымды қаламгер Нұрлан Көбегенұлы ұстазымның туған күні. Мен ғана емес талай жас Нұрекеңнен тәлім алып, жазу-сызуы қалыптасып, журналистикаға қанат қақты. Көбегенұлы – туған жерден алыстамаса да есімі елге танылған қаламгерлердің бірі. Жазуы да, философиясы да бөлек тілші деп құрметтеймін.

Қызметке қызықса бүгінде Астана, Алматы секілді бас шаһарлардағы медиахолдингтердің бірінде басшы болатындай білімі де, қабілеті де жететін еді. Бірақ Нұрекең байлыққа, мансапқа қызыққан азамат емес. Мамандығын мәртебе көріп, қаламын қару еткен журналист. Ең басты қасиеті – Нұрекең ізінен ерген жас тілшілерге әркез жол көрсетіп, білген-түйгенін үйретуден жалықпайтын ұстаз. Осы кезге дейін кісілігін көрмеппін. Сатираның хас шебері болған соң, жастармен бір толқында жүреді. Жаны жайсаң ағамыз қашанда ақыл-кеңесін айтатын бізге тілекші жан, – деді ұлттық арнаның Сыр өңіріндегі меншікті тілшісі Әділбек Жақанов.

– Мен ауылда жүрген кемпір мен шалдың еркесі болдым. Заман қиындау, зейнетақыға ғана қарап отырған кез, көп газет-журналға жазыла беруге шама жоқ. Сонда атама жылағандай жалынып «Ақмешіт апталығы» газетіне жазылуға көндіретінмін. Соның ішіндегі сүйікті авторым Нұрлан Көбегенұлы болды.

Түрлі тақырыпты түрлендіріп жазудың шебері. Қаншама ауыл баласының ішіндегі отын тұтатты деп ойлаймын. Студент кезімде жұмыс істегім келіп алдына бардым, қойған талаптары мен жауапкершілігіне психологиялық тұрғыда дайын болмай кетіп қалдым. Әлі күнге дейін тілекші ағамыз, көрген жерде құшағымыз ажыраған емес. Алла қос дүниесіне жақсылық берсін деп тілейміз. Аман жүріңіз, Нұрлан аға, – дейді үш дүркін алтын домбыраның иегері, айтыскер Мұхтар Ниязов.

Оған ауылдастарының да ықыласы мен құрметі ерекше. Оны ақын, ұстаз Ержеңіс Әбдінің пікірінен анық сезіндік.

– Ол – біздің ауылдан шыққан журналист. Бала күнімізде газетті үйлерге таратқанша шыдамай, пошташы апаның үйінің қасында күтіп жүретінбіз. Ол кездегі газетке құмарлығымыз қазіргі әлеуметтік желіге тәуелділіктен асып түседі-ау. Сол басылымдарда Нұрлан Көбегенұлы, Нұрлан Нұрмаханов, Көбегеннің Нұрланы деген үш журналистің де мақалаларын жиі оқып жүрдім. Кейін есейе келе әлгі үш кісі де бір адам екенін білдім. Кішкентай ауылдан қаншама ақын, жазушы, журналист шықты. Бірақ бәрі де мен үшін қол жетпес жұлдыздай көрінетін. Айтқан, жазған әңгімелері аңыз. Мұғалімдеріміз мақтанады, осы мектептен сондай тұлғалар шыққан деп. Қиялға ерік беріп, самғап кетіп ем талай.

Нұрлан ағамыздың міне, бүгін туған күні екен. Нұреке, Алла күш-қуат беріп, елге ерен еңбегіңізді аямай жүре беріңіз. Төл журналыңыз «Әлімсақ» та сіз туған күнде туған екен. Қос тойыңыз қабат, Қос дүниеңіз абат болсын, – деді ол.

Ұстаханасы «Ұстаз мәртебесі» болған тілшілер аз емес. Соның бірі – Жұлдызай Қалиева. «Маңғыстаулық» атанып үлгерген ару әлі күнге дейін ұстазына тілекші.

– Журналистика атақ пен ақшаға емес, абыройға қызмет етуі тиіс. Журналистке ең керегі – көз. Ол жай жүрмей, бәрін байқап, жан-жаққа мән беріп жүруі керек. Дәл осы сөз әлі күнге дейін санамызда сақтаулы. Себебі журналистикадағы ұстазым, алғашқы редакторым Нұрлан Көбегенұлы ағайымыз осылай тәрбиелеген еді. Менің ойымша, қазір бұлай айтатын ұстаз шамалы. Себебі көп редактор журналистерінің сыни ойлауын сындыруға құмар екенін жиі байқаймын.

Соңғы курсты әлі аяқтамаған кезім. Сол уақытта практикаға барып жүріп, Қызылорда қаласындағы республикалық «Ұстаз мәртебесі» газетіне жұмысқа орналастым. Лекция тыңдаған бір бөлек, редакцияда қызмет ету бір бөлек қой. Алғашында жайлап мақала жаза бастадық. Ақпарат жинақтауды, белгілі бір мекемеге хат жазып, алған деректерді сараптауды үйрендік. Осындай кезде ағай жөн сілтейтін.

Редакцияда күнде қызық, күнде той болушы еді. Әр күніміз көңілді өтетін. Себебі редакторымыз Нұрлан ағайдың әзілдері таусылмайтын. Бірақ бұл «ағай ашуланбайды» дегенді білдірмейді. Әзіл! Осы ретте бір құпияны ашайын. Мен үшін редакциядағы ең қиын болғаны – жазылым. Себебі бұл кезеңде ең көп сөз еститін мен едім. Сонысымен қызық. Қазір алғашқы редакциям мен үшін ыстық мекенге айналды. Жылы естеліктермен есте сақталды. Маған білім нәрін берген, газетке қолтаңбамды қалдыртқан редакторыма алғыс айтамын, – деді Жұлдызай ағынан жарылып.

Түйін! Ағайдың маған да айтқан кеңесі көп. Соның ішінде «Армандай білген дұрыс. Арманды шындыққа ұластырған кездерім болды. Ауылда «Жалын» журналын оқып отырып, бала кезгі арманның бірі журнал шығару еді. Оған да қол жеткіздім. «Әлімсақ» Қызылорда облысында жарық көрген алғашқы журнал болды. Ендігі бір жоспарым, мүмкін арманым, көркем шығармаларымды топтастырып, кітап етіп шығаратын күнді күтіп жүрмін. Ең басты арманым, қазақ ұлтының мәртебесі дүние жүзі алдында биік болса екен, сол жолда қызмет етуге әзірмін. Қазақ биік болса, соның төл баласы мен де биікпін» деп айтып отыратын ағайым. Сондықтан сол биіктен көрініп, мерейіңіз арта берсін деп тілеймін!

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!