Фото: Нұрболат Нұржаубай

Биболат Сәтжан – өне бойында өлең тұнған ақын. Пайымы парасатты, түсінігі терең. Әдебиеттегі әр өзгерісті өзінше түйсініп, оқудан қол үзбейді, пікірі де өткір. Осы орайда жас ақынмен әсерлі әңгіме өрбіткен едік.

– «Нағыз өлең жиырма алты жасқа дейін жазылады» деген пікір бар. Бұған көзқарасыңыз қалай? Қазір жаңа өлең жазып жүрсіз бе?
– Бұл сөзді Фолкнер айтқан. Әрі нақты 26 жасқа дейін демеген. «Он жеті мен жиырма алты жас арасы поэзия үшін ең жақсы уақыт. Ал проза асығыстықты көтермейді. Отыздан асқанда, адамның ақылы толысқанда айналысқаны дұрыс» деген. Бұған қатысты менің көзқарасым жоқ. Әркім қалаған уақытында ойына келген сөзін айтсын, жазсын. Бірақ ойлап қарасам, шамамен 26 жасқа дейін ғана өлең жазыппын. Оның ішінен өлең деуге келетін 26 өлең шықса шыққаны. Екі адамның бірі ақын. Мектеп кезінде әдебиетке бағыт сілтеп, кітап оқуға ынтамды ашқан бір ағайым алғашқы өлеңдерімді көріп, ренжігені бар. Ол кісі «Қызылордада үш нәрсе көп – газель, ит, сосын ақын. Аспанға таяқ лақтырсаң, осы үшеуінің бірінің басына түседі» дейтін. Және ақындарды әдейі ең соңына қоятын. Дүниеде әдебиеттен басқа нәрсе жоқтай көрінетін 16-17 жасар мен ол сөзіне намыстанатынмын. Қазір қарап отырсаң, шындығы сол. Бұл – өте аянышты жағдай. Өлең-сөз қуып жүретін кез емес деп ойлаймын. Кейбіреулер құсап алпыстан асқанша махаббатты жырлап жүргім келмейді.

Жалпы, қоғамның ақындарға қатысты бұрыннан бар, қазірге дейін өзгермеген көзқарасы – «ақындар қызқұмар, маскүнем» деген түсінік. Алдыңғы буын ағаларымыздың бірі сондықтан да ақындардың қоғам алдында беделі жоқ деп еді. Ал, жазушыларға қоғам сенеді. Билік те, қарапайым халық та жақын, жақсы көреді. Бір қызығы, айналаңдағы адамдардан сұрап көрсең, бұрын өлең жазбаған адамды табу қиын. Ақынмын десең, екінің бірі мектеп кезінде өзінің өлең жазғанын айтады. Демек екінің бірі ақындықты есі кіргенше ермек қылған нәрсесі ретінде қарайды. Сондықтан жаңа адамдармен танысқанда да, бұрын өлең жазғанымды білмей-ақ қойса деймін. Әрі керемет ақынмын деп те ойламаймын. Студент кезімде жазған өлеңдерім 2020 жылы «Жолқараған» атауымен жарық көрді. Бары сол.

– Ұлылық үнсіздікте секілді. Сырттан тон пішуге құмар қоғам өзіңізбен қалуға мұрша беріп жүр ме? Жалпы оңашада ой бағу қаншалықты жаныңызға жақын?

– Ертеде Фалес деген білімді кісі жұлдыздарға қарап жүріп, бай­­қамай құдыққа түсіп кетіпті. Айналасындағылар онысын мазақ қылып, «аспан не теңің, аяғыңның астына қарамайсың ба?» деп күлген. Бізге белгілі антик дәуірі Фалестің құдыққа түсіп кеткенімен басталған. Дегенмен адам қанша білімді болса да, қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Адам деген үш-ақ нәрседен – өзінен, өзі өмір сүріп жатқан қоғамнан және өзінің мәңгілігінен тұрады. Сондықтан қоғамнан қол үзбей, Құдайды ұмытпай, өз ойыммен қалудан қорықпай өмір сүруге тырысып жүрмін.

– Ақындар азабына да азан шақырады. Өз-өзіне қол жұмсаған шығармашыл адамдар аз емес. Мұндай трагедияға не түрткі болуы мүмкін?

– Мұндай трагедияға шығар­машылық себеп болады деп ойламаймын. Мысалы, еліміз әлем бойынша суицидтен алдыңғы орында. Нақты білмеймін, бірақ алғашқы ондықта болуы керек. Солардың бәрі шығармашылық адамдары емес қой. Мүмкін, өмірден мағына көрмегеннен, болашағына сенбегеннен, айналадағы әділетсіздіктен баратын шығар. Өмірде болатын қиындықтың ширегін де көрмей жатып, бұл туралы ой айтып, үкімі ауыр деп білгішсінгім келмейді. Түрлі тағдыр бар, өмірден баз кешуге не итермелегенін кім білсін. Бірақ өзіне қол салғанды ерлік етіп көрсететін көркем шығарма жетерлік. Оның романтизациясы көп. Өлімнен басқаны айтпайтын, о дүние күнде барып-келіп жүрген жері сияқты сөйлейтін уағызшы көп. Пол Остердің ойдан шығарылған, әбден азып-тозған қоғам туралы жазғанын оқығаным бар. Қоғам әбден іріп-шіріген кезде түрлі культтер пайда бола бастайды. Барлығының мақсаты біреу – өлім. Бірақ жолдары әртүрлі. Бір сектаның мүшелері әбден зорыққанша тоқтамай жүгіреді. Сонда ғана адамның жаны денесін тастап, жүгіріп шығатынына сенеді. Енді бір культтің мүшелері биік ғимараттың төбесінен се­кіреді. Сонда ғана адамның жаны тәнін тастап, аспанға ұшып кетеді деп ойлайды. Сондықтан түбі өлетінімізді бәріміз білеміз. Бірақ сол өмірдің қызығына алдану керек шығар.

Ал, ақындар азабына да азан ша­қы­рады дегенге келсек… Кей­біреулер ақындардан періште жаса­ғысы, олардың кешкен мұңын өзгеге қарағанда қоюлау етіп көрсеткісі келеді. Бірақ ақындар да өзіміз сияқты адамдар. Шіләпісін қисайтып киіп, қасірет шеккен түрмен алысқа қарап, басын шайқап, көзін жұмып өлең оқып жүргендерді көріп жүрміз ғой. Сондайлар ақынның рөлін ойнап жүрген әртіс сияқты. Негізі поэзияны өнердің бір түрі деп емес, қоғаммен тілдесудің басқаша формасы деп қараған жөн. Әйтпесе өлеңін оқып, өзімен тілдескім келген адамдар болды. Өзін көрсең, кәдімгі қарапайым адам, тіпті кейбірінің екі сөзінің бірі боғауыз. Өз шамасынан артық көрінуге тырыспайтын, өтірік періште болмайтын сондай адамдарға ризамын. Рухани туысым «дүние өзгеріп, адамның бәрі ақындар тілінде сөйлейтін кез келеді» дейді. Ондай кез келмей-ақ қойса деймін. Себебі өмірде бейпіл сөзбен ғана жеткізуге болатын жағдай көп. Кейбір сөз сол анайы қалпында ғана әдемі. Өлеңге салсаң жасанды болып шыға келеді.

– Түртпектей берсе өз ізің де өзіңдікі болудан қалады. Десе де, өлең талдап, кемшін тұсын айту ұмыт болғандай. Шын сын мақтау-марапаттың тасасында қалып жатқан жоқ па?

– Сын мен мақтау-марапат әдеби үдерістегі мән беруге тұрмайтын нәрселер. «Біткен іске сыншы көп». Неге? Өйткені кез келген адам сыншы бола алады. Бірақ нағыз әдеби шығарманы кез келген адам жаза алмайды. «Бойы жетпеген мысық өредегі етті менсінбейді» дегендей, оқымай жатып та сын айта беретіндер бар. Бірақ ең нашар жазылған өлеңнің өзі ең жақсы сыннан артық. Тіпті өткен ғасырдағы қазақ әдебиетіне қатысты сынның көбі биліктің айтағымен жазылған сияқты көрінеді. Жалпы, тоталитарлық қоғамда сын өзгеше ойлайтын адамдарды қудалаудың құралы ретінде пайдаланылады ғой. Қазіргі заманда барлық сынға жауап біреу ғана болуы керек. Шығарма ұнамаса оқыма. Ұнаса да ешкімге айтудың керегі жоқ. Бұл – жеке пікірім. Өзім жақсы кітап оқысам, ол туралы ешкім білмесе деп тұрамын. Жұрттың бәрі мақтаған, бәріне бірдей ұнаған нәрсені оқығым келмейді. Мақтау-марапат та нағыз әдебиеттің дамуын тежейтін нәрсе. Егер оны мүлдем алып тастаса, мүмкін әдебиетте адал адамдар ғана қалар ма еді?

– Әлем әдебиетінен синес­­те­зиялық үлгіні бай­қауға болады. Тіпті Жапон поэзиясының танка жанры тым бөлек. Қалай ойлайсыз, ақын­дар тың бағытта, теңеу­дің теңдессіз түрін жазып жүр ме?

– Бір кездері синестезия деген тақырыпта өлең жаздым. Негізі әдебиетте ондай үлгі бар дегенді естімеппін. Ол өлеңнің формасы емес қой. Синестезия – адамдағы бірнеше сезімдердің бірігуі. Бұл қандай да бір ауру немесе психикалық бұзылыс емес. Өте сирек құбылыс. Тыныштықбек ақынның «Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап, Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам» дейтіні бар. Сол сияқты белгілі бір дауысты естігенде оның түсін де көретін немесе бір түсті көргенде оның дәмін де сезетіндер болады. Бізді қор­шаған әлемді бас­қаша қабылдайтын ерекше адамдар жоқ емес. Оны өлеңге қос­қаныммен, қан­дай сезім екенін өзім бастан кешір­меген соң білмеймін. Танка жанры да сол сияқты. Біз оның бес тармақ, отыз бір буындық өлең формасы екенін ғана білеміз. Бірақ толық сезіне алу үшін жапон тілін жақсы білу керек. Мұхтар Әуезовтың пікірі ғой деймін, «Өте терең эстетикалық ұғымдарды әр адам тек өз тілінде түсіне алады» деген. Нағыз поэзия өзге тілге аударуға келмейді. Біздің де кемшілігіміз сол, орыс тілінен басқа шетел тілін білмейміз. Сондықтан да қытай, ағылшын әдебиетінен жасалған нашар аудармаларды өз әдебиетіміздегі жаңа бағыт деп ойлап жүрміз. Қазіргі қазақ поэзиясында тың бағыт емес, қазақ эстрадасындағыдай плагиат көп.

– Аударма жа­­йына тоқ­тал­сақ. Кейбір ше­тел клас­сик­тері­­нің үздік туындылары шет қалып жатыр. Тәржімаланса да, әдеби канондарға қайшы, түп­нұс­қа­дағыдай әсерлі емес. Бұған не дейсіз?

– Уақыт өте бізде де аудар­ма­шылардың өзіндік мектебі қалып­тасар. Кемшіліктер де түзеле жатар. Ең бастысы, аудармашылар мей­лінше көп болғаны дұрыс. Кімнің қазақша аудармаға көңілі толмаса, сол шығарманы өзінше аударып шықсын. Мысалы, танымал бестселлерлердің орысша аудармасының төрт-бес нұсқасы табылып жатады. Бірі ұнамаса, екіншісін оқисың. Бізде де сондай болса деймін. Жазуға келгенде ұстаз тұтатындардың бірі – Нора Галь. Қазақтан да Нора Галь сияқты мықты аудармашылар шықса деймін.

– Ұйықтап жатқан жүректі ән оятатыны белгілі. Бүгінгі әннің әуезі мен сөзі көңіліңізден шыға ма? Қай жанрдағы музыканы жиі тыңдайсыз?

– Қазіргі қазақша әндерді тың­дамаймын.

– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет.

                                   Әңгімелескен

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!