Қоршаған орта мен тіршілік иелерін қорғау – алты жасар баладан алпыстағы қартқа дейін әрбір адамға парыз. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, географ-эколог ғалым Оразхан Айдаровпен 1 сәуір – халықаралық құстарды қорғау күніне орай әңгіме өрбіткен едік.

Адамзат баласы табиғатпен тікелей байланыста. Табиғат-ана дейтініміз де содан. Алайда ашкөздігі мен санасын билеген тұрмыстың салдарынан тіршілік иелеріне түрлі зиян келтіретін де – адам. Өңірдегі құстардың хәлі қалай?
– Құстардың адамдар өміріндегі, табиғаттағы ерекшелігі мен қасиеттерін білген адамзат 1868 жылы Австрияның Венасында алғаш рет құстарды қорғау туралы ресми шешім қабылдаған. Халықаралық «Қызыл Кітапқа» құстардың 209 түрі мен 83 түр тармағы енсе, елімізде 56 түрі енгізілген.
Сырдың сол жағалауындағы үлкен көлемді тың жерлердің ауыл шаруашылығына игерілуі, Жаңақорған, Қызылорда, Қазалы массивтерінің пайда болуы көптеген түз жануарларының өміріндегі биологиялық ырғақты бұзды. Суды ауыл шаруашылығында ысырапсыз пайдалану су тапшылығы мәселесіне әкеп тіреді. Көптеген тоғайлықтар кесіліп-өртеніп, ондағы құстар, жан-жануарлар мекенін солтүстікке, Қызылқұмға қарай жылжытуға мәжбүр болды. Әсіресе, су құстары көл айдындарының тарылуына байланысты Ақтөбе облысы, Торғай өңіріне қарай қоныстана бастады.
Көпжылдық шаруашылық әрекеттің салдарынан өңірдің жануарлар әлемі жұтаңдап кетті, олардың көбісі қорғауды, көбейтуді қажет етеді. Тіпті, біразы
Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді. Соның ішінде құстардан – алакөз сүңгуір, жыланжегіш қыран, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, аққұйрықты субүркіт, жорға дуадақ, қарабауыр бұлдырық, ақбауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, қоңыр кептер, үкі, қызғылт бірқазан, бұйра бірқазан, сары құтан, кіші аққұтан, қалбағай, қарабай, қара ләйлек, сұңқылдақ аққу, дуадақ, ителгі, ақтырна, ақбастырна аталған тізімге енген.
1997-2005, 2007-2014 жылдар аралығында жүргізілген бақылау бойынша Сырдарияның жағалауындағы және төменгі ағысындағы су айдындарында бұл өңірде сирек кездесетін құстар тіркелді. Олардың қатарында бірқазан, су құзғыны, құтан (ақ, сары), безгелдек, дуадақ бар. Ал қызғылт бірқазан, кіші аққұтан, сары құтан, мәрмәр шүрегей 80 жылдары ғана Қамыстыбас, Бөген, Телікөл көлдерінде кездескен болса, қазір бұлар туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тарихи күнделікке көз жүгіртсек, Жалбағай соңғы рет 1986 жылы Телікөл-Шиелі каналдарының бойынан тіркелген. 1982 жылы Сарысу өзенінің төменгі ағысында «Злиха» метостанциясы маңында ләйлек құсы кездестірілген. Ол – біздің өңірге таңсық құс.
Облыс аумағында аң-құстардың санағын жүргізіп отыратын 11 аңшылық шаруашылық пен 3 қорғалымды аумақ жұмыс істейді. Субүркіт те соңғы 20 жыл ішінде сиреп кетті. Ал дуадақ болса шөл және шөлейт жердің өте сирек кездесетін құсына жатады. Облыс аумағында жорға дуадақ Қаратау мен Сырдария аралығындағы жазықта, Қызылқұмда аздап кездеседі. 1989 жылы Қызылқұмда жорға дуадақтың көп екендігі анықталса, қазір өте сирек кездеседі. Соңғы жылдары Аралдың құрғап кетуіне байланысты жануарлар мен құстар мекенін солтүстікке, Торғай даласына қарай өзгертуде. Өңірде құстардың түрлері 319-дан 168 түрге дейін азайды. Ұялайтын жерлердің азаюына байланысты, Сырдарияның атырау тұсында 38 түрі ғана қалған деген мәлімет те бар. Олардың өзі қорғауды қажет етеді.
Көктем – құстардың ұя салып, жұмыртқалайтын кезі. Осы кезде оларды атуға тиым салынады. Бірақ құсты қорғау онымен ғана шектеліп қалмау керек… Олардың тыныштығын бұзбауды да ойластыру қажет. Өйткені күн жылысымен тоғай іші мен дария жағасындағы алқаптарда бау-бақшалыққа жер ашу жұмыстары жүргізіліп кетеді. Адамдардың іс әрекетінің салдарынан тоғайлықтардың ағаштары кесіледі, өрт болады. Міне, осыны қатты бақылауға алу қажет.
– Ата-бабаларымыз ауа-райын құстар арқылы ажырата білген. Сыры неде? Табиғат апаттарын алдын ала ескертетін де құстар екен…
– Мұның сыры, тіршілік иесін қорғау идеяларының туындауы қазақ халқының әлімсақтан, өте ертеден табиғатпен етене байланысып келуінде. Асан Қайғы бабамыз Сыр бойына келгенде «Е, Сыр жағаң жар екен, әр бұтаның түбінде бір асым етің бар екен» деген екен. Яғни, Сыр бойы тоғайының, өзен-көлінің аң-құсқа бай екендігін осы суреттеуден-ақ көруге болады. Сондықтан баршамыздың парызымыз – табиғат байлығын сақтап, оның қорын молайтып, болашақ ұрпаққа аман есен жеткізу.
Қыста торғайлар ұясына мамық тасыса, күн кенеттен қатты суып кетеді. Қыстыгүні әтеш бір аяғын көтеріп тұрса, аяз басталады. Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе, аяз басылады, құстардың ерте келгені, көктемнің жылы болғаны, құстар ұясын күн беткейге салса – жаз салқын болады, құстар күзде төмен ұшса, қыс суық, жоғары ұщса, қыс жылы болады. Құр, шіл қардың астына тығылса, ұзамай боран басталады деген болжам бар. Қырғауыл мазасызданып, қатты айқайласа, жер сілкінетін көрінеді. Қыста қаздар қаңқылдаса, күн жылиды, аяғын бауырына тығып жатса, күн суытады немесе боран ұйытқиды.
Кешегі Түркиядағы жер сілкінуден кейін еліміздің кей аймақтарында да күтпеген жерден белгілері байқалды. Осы жер сілкіну нышандарын аң-құстардың мына мінездерінен аңғаруға болады. Жер сілкінетін кезде құстар қым-қиғаш ұшып-қонып, улап-шулап дәйексізденеді, құмырсқалар илеуінен безеді, қыңсылап, кейде мезгілсіз ұлып мазасызданады, мысықтар жер тырналап, мияулап үйден қашып шығуға тырысады, жыландар топтанып өзге жаққа көшеді, кесірткелер өз мекенінен жедел қоныс аударады, атжалмандар мен тышқандар інін тастап, топ-топ жиналып әбігерге түседі, ерсілі-қарсылы жүгіріп, кейде өзара таласады, жылқы оқыранып, сиыр мөңіреп, қой маңырап, шошқа мен үй қояндары безек қағып, тыным таппайды. Демек табиғат анамен түсінісетін құстардың өз тілі бар.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!