Қазір қоғамдағы қастандық пен қатігездік туралы көп естиміз. Алайда қайырымды жандардың көп екені, адамдар арасындағы сенім мен жанашырлықтың мығым екеніне кейінгі жағдайлар куә. Бүгінде қазақ жерінде 124 этнос өкілі қоныстанған. Ұлты өзге болса да, ниеті оң, тілегі бір. Осы орайда жас болса да, жетімін шеттетпей, жесірін жылатпаған қазақ халқының қасиеттерін бойына сіңіріп өскен волонтер, тіл жанашыры Ділшат Ибрагимовпен сұхбаттастық.

– Қазақ пен өзбек достығы ажырамаған, бауырлас ұлттар. Өзіңіз өсіп- өнген қазақ елінің тілін үйрену қиындық тудырмаған болар? Білуімізше, одан бөлек өзбек, орыс, татар тілдерін білесіз. Көп тіл меңгеруге не әсер етті?

– Қазір заман ағымына сай бірнеше тіл білсең де, басқаларды таңғалдыру қиын. Ал тіл білмесең, қол-аяғың байлаулы. Шынымды айтсам, арнайы курсқа қатысып, сабақ алып үйренген емеспін. Балалық шағымнан-ақ жаңа дүниені үйренуге бейім болдым. Ұлтым өзбек болса да, қазақ жерінде дүниеге келдім. Сол себепті тілді меңгеру үшін айтарлықтай мотивацияның да қажеті болмады. Қалада орыс мектебінде білім алдым. Сол жақта орыс тілін, әдебиеті мен тарихын біліп шықтым. Сондай-ақ достарымның барлығы түрлі этнос өкілдерінен құралғандықтан өзге тілді үйрену жеңіл болды.

– Естуімізше, Қызылорда облыстық «Достық» үйі ұйымдастырған іс-шараларға белсенді араласасыз. Сондай-ақ волонтер ретінде өзгелерге көмек қолын созасыз. Ерікті болу сізге нендей сезімдер сыйлайды?

– Жақсылық жасау ұлтқа бөлінбейді. Біз үшін бастысы – адами қасиеттерді сақтап қалу. Оларға қариялардың ауласын сыпыру, мұқтаж жанға көмек беру, жығылғанға демеу болу жатады. Бұл жер бетіндегі барлық адамзаттың парызы емес пе? Санамызға сіңіп қалған пікірді адамзатқа деген махаббатпен толтырғанымыз абзал. Бұл – адамгершіліктің алғышарты.

Елімізде кейінгі бір айда орын алған тілсіз жау – су тасқынынан көп адам зардап шекті. Гуманитарлық көмек көрсету үшін қаржылай да, қажетті заттармен де қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Достық» үйінің жанынан құралған ассамблея жастары болып, зардап шеккен аймақтарға қажетті заттарды жеткіздік. Ел басына қатер төнгенде ұйымшылдық танытып, игі іс атқарғанымыз жадымда мәңгі қала бермек. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды.

– Волонтерлықтан бөлек қандай хоббиіңіз бар?

– Бос уақытымда ән айтамын, сондай- ақ тағам дайындағанды жақсы көремін. Осыған орай бизнес те аштым. І курс оқып жүргенімде оқу орнының студент кәсіпкерлерге берген мүмкіндіктерін қолданып, кофейня ашып, бизнес саласына қадам жасадым. Қазір тапсырыс алып тұрамын, сонымен қатар өзге де табыс көздерін іздестірудемін. Межелеген жерден тоқтап қалған ұнамайды. Себебі өзгеруге, болашаққа тәуекел етіп, қадам басуға қорықпаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!