Елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту өте өзекті. Ғалымдар бұл бағытта іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, «Электр энергетикасы, техносфералық қауіпсіздік және экология» білім беру бағдарламасының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнар Сыдықовамен сұхбаттастық. Ғалым жуырда «500 ғалым» жобасы аясында Әзірбайжанда ғылыми тағылымдамадан өткен болатын.

– Әзірбайжандағы ғылыми тағы­лымдама барысында энергияның жаңартылатын баламалы көздерін табу бойынша шетелдік ғалымдармен бірқатар ғылыми шара өткізілді. Тың жаңалықтар көп болды ма?

– Тағылымдама жоспарына сәйкес Әзірбайжан Республикасындағы жер гілікті ресурстарды пайдалану арқылы энергияны үнемдеу, жаңар­тылатын энергияның заманауи технологияларының әдістерін тиімді пайдалану, энергиямен жабдықтау жүйелерінің құрылымын оңтайландыру бойынша бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әзірбайжан мен Қазақстандағы энергетикалық ауысуларға мониторинг жасалып, стратегиялық салдарларына зерттеу жүргізілді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы энергиямен жабдықтау жүйелерінің құрылымын оңтайландыруға ұсынымдар әзірленді.

– Жаңартылған баламалы энергия, оның түрлері туралы айтып берсеңіз… Мұндай құрылғылар аймақта қолданысқа кеңінен енді ме? Білуімізше, университетте де күннен энергия алатын құрылғы бар…

– Жергілікті және жаңартылатын энергия ресурстарын кеңінен қолдана отырып, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауылдық елді мекендерді энергиямен қамтамасыз етудің энергетикалық қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі өте өзекті.

Отын-энергетикалық кешенге жаңартылатын энергия көздерін тарту, электр энергиясын өндіруге, таратуға және тасымалдауға кететін шығындарды азайту кезек күттірмейтін мәселе. Шаруашылық салаларында энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру, қоршаған ортаға антропогендік жүктемені азайту мәселелері де алдынғы кезекте тұруы тиіс.

Географиялық орны мен климаттық жағдайына байланысты Қызылорда облысының күн энергиясын өндіруге зор әлеуеті бар. Күн радиациясының ұзақтығы жылына 2800-ден 3000 сағатқа дейінгі уақытты құрайды.

Осы артықшылықты ескере отырып, облыста жаңартпалы энергия көздерін пайдалануға көп көңіл бөлінуде. Бүгінде Қызылорда облысында жалпы қуаты 89 МВт тоғыз күн электр станциясы (КЭС) бар. Оның үшеуі салыстырмалы түрде шетелдіктердің қатысуымен салынған ірі станция болып саналады. Олар – Шиелі ауданындағы Қазақстан-Британдық «Baikonyr solar» компаниясының қуаты 50 МВт күн электр станциясы, Жалағаш ауданындағы «Total Eren» француз компаниясының қуаты 28 МВт күн электр станциясы және Жаңақорған ауданындағы ресейлік «Хевель» компаниясының қуаты 10 МВт зауыты. Сондай-ақ, қуаты 20 МВт болатын күн электр станциясын Арал ауданында салу жұмыстары жүргізілуде.

Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 оқу ғимаратының жанында қуаты 18 кВт күн-жел электр станциясы іске қосылып, оқу ғимараты мұқтаждығының бір бөлігін өтеуде. Сонымен қатар, бұл станция білім алушылар мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік беруде.

– Отандық кәсіпорындарда инженерлік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Жастарды бұл салаға қызықтыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Дәл қазір баламалы энергия және жаңартылатын ресурстар саласындағы білікті мамандарға қажеттілік күннен күнге артуда. Әлемдік нарықта оларға деген сұраныс жыл сайын 15-20 пайызға жоғарылайды деп күтілуде.

Университетімізде жаңартылатын энергия көздерін стратегиялық басқару және энергия тиімділігі саласында стратегиялық, инновациялық менеджмент дағдыларын пайдалана отырып, жаңартылатын энергия нысандарын басқара алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған магистратураның «Жаңартпалы энергетика» білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Болашақ мамандардың практикалық дағдылары, кәсіби құзыреттіліктері облыс аумағындағы күн электр станциялары нысандарында қалыптасады.

Сонымен қатар, алыс-жақын шетелдік ғалымдардың қатысуымен жыл сайын дәстүрлі түрде «Энергия мен ресурс үнемдеуші технологиялар: тәжірибелер және келешегі» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылады.

Дәстүрлі түрде жыл сайын электр энергетикасы мамандықтарының білім алушылары арасында «Жас электрик» облыстық турнирі өтеді. Аталған шараның нәтижесінде білім алушыларға кәсіби бағдар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

– Қорқыт ата университетінің білім алушылары осы сала бойынша академиялық ұтқырлықпен өзге оқу орындарында тәжірибе жинақтай ала ма?

– Қазір студенттердің академиялық ұтқырлығын тиімді ұйымдастырудың маңызы зор. Осы орайда университеттің «Электр энергетикасы», «Өміртіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» және «Экология» білім беру бағдарламаларының білім алушылары көршілес мемлекеттердің іргелі оқу орындарында аталған бағдарлама бойынша білім алуда.

– Өзіңіздің ғылыми зерттеу жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Үш айлық ғылыми тағылымдама барысында Әзірбайжандағы жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдаланатын нысандардың жұмыс ерекшеліктерін зерттедік. Ел шаруашылығының тұрақты дамуы үшін жаңартылатын көздерді пайдалану арқылы энергия ресурстарының ұтымды құрылымы негізделді.

Энергия ресурстарының ұтымды құрылымының жаңартылатын көздермен алмастырылатын энергияның тиімді үлесіне тәуелділігі анықталды. Ауыстырылатын энергияның үлесін анықтау үшін функционалдық құрылым қарастырылады. Біріктірілген энергиямен жабдықтау жүйесінде жаңартылатын энергияны пайдаланатын ішкі жүйенің жұмыс істеуінің жалпыланған моделін ұсыну да алға қойған жұмыстардың бірі.

Тағылымдама бағдарламасына сәйкес Баку қаласында былтыр желтоқсан айында өткен «Машина жасау және энергетика: жаңа концепциялар мен технологиялар» II Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Энергия тиімділігі тұрақты даму драйвері ретінде: Әзірбайжан мен Қазақстан мысалында» және «Қазіргі жел электр қондырғыларының жұмыс тиімділігін талдау» тақырыптарында екі баяндама жасалды. Бұл мақала швейцариялық «Trans Tech Publication» баспасының беделді реферат және индекстеу жүйелеріне (деректер базаларына) енгізілген журналда жарияланды. Сонымен қатар, жоғары оқу орнының білім алушыларына арналған «Жел энергетикасы негіздері» оқу құралы дайындалды.

Айта кету керек, қазір жас ғалымдар мен магистранттар Қызылорда өңірінде ауыл шаруашылығы тұтынушыларын энергиямен қамтамсыз ету үшін күн фотоэлектрлік қондырғыларының тиімділігін арттыру мәселелерін зерттеуде.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!