Коммерциялық кино – комедия дәуірі

Нарық пен маркетинг дәуірі режиссерларды «бизнесмен» болуға итермеледі. Өз шығармашылығын бизнеске айналдырып, кинодан табыс тапқандар қатары аз емес. Осы орайда қазақ қоғамы үшін коммерциялық мақсаттағы танымал жанр, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетіні – комедия. Соңғы үшжылдық бойынша Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски» туындысы тұтас ел кинематографиясында қаржы жинаудан рекорд орнатып, 2019 жылы шыққан «Бизнес по-казахски в Корее» фильмі 1 008 552 674 теңге бюджет тартқан. Сол кездегі доллар бағамы бойынша бұл шамамен 176 млн теңгені құрайды.

Тақырыптық жағынан комедиялардың көбінің мотиві режиссер мен сценарист санасындағы «стереотип» бойынша ауыл мен қала, үйлену – үй болу жайын негізге алады. Бір жылда шамамен он шақты комедия той тақырыбында түсіріледі екен. Сонда қазақты тойдан басқа дүние қызықтыра алмай ма? «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» өткізген қазақ үшін той-думанның орны бөлек болғанымен, бұл тақырыпқа сұраныстың болуы қоғамға берілген жақсы баға емес. Коммерциялық фильмдерде тойдан кейін жиі кездесетіні – ауылдан қалаға, қаладан ауылға қашқан кейіпкерлер мен қос әлемнің кереғарлығы. Ауыл адамын аңғал, қарапайым, ал қалалықтарды қу, өтірікші, тәкәппар етіп сипаттайтын қазақ киносы мектептегі әдебиет пәні сынды: байдың бәрін жаман, кедейді кіршіксіз, жақсы адам қылып көрсетуден жалықпайды.

Неге көрермен санаға салмақ түсірмейтін жеңіл киноға құмар? Бұл туралы киносыншы Әсия Бағдәулет: «Белгілі режиссер Андрей Тарковский өнер хақында «Егер әлем өз орнында болса, онда өнерге мұқтаждық болмас еді. Әлем нашар құрылғандықтан да, өнер өмірін жалғастырып келеді» дейді. Өзімізге етене таныс қазақ қоғамындағы көрерменнің басым көпшілігінің «happy end»-ке құмар болуын жақсы ырымға балай аламыз ба? Әлемнің мінсіз емесін білеміз, бірақ оны сол күйінде қабылдайтын даналық бәрінің бойынан табыла бермейді. Ойлануға, рефлексияға ерінгенде, болмаса бойымыздан оған күш табылмаған кезде жеңіл фильмдерге құмартамыз, – дейді.

Сонымен бірге осы күнге дейін өзгермей, орысша сөйлеп келе жатқан сала – қазақ киносындағы коммерциялық бағыт. Иә, қазақ еліндегі кинотуындылардың дені қазақ тілінде. Алайда жаны қазақ па? Бастысы киноның кейіпкерлері қазақша сөйлейді демесек, көбіне өзге мәдениеттің киімін киіп жүргендей әсер қалдырады. Мәселе кино жасаушылардың қазақы дүниетаныммен таныс емес екендігінде. Қазіргі қазақ киносын жасап жүргендер қазақтың жанын қаншалықты түсінеді деген сұрақ туындайды. Операция жасау мен киім тігу бір нәрсе емес. Сондықтан қазақтың «етігін киіп, жүрген жолымен жүріп көрмей», бар дүниені бұрынғы мен жаңаның ортасында, таразының қай жағына түсерін білмей тұрған бүгінгі қалпымен қабылдап, кино түсіріп, ақша жасауды мақсат еткен режиссерлер шынайы өнер деген ұғымнан әлдеқайда алыстап кеткенін ескерсе дейміз.

Жыл келгендей жаңалық

Алшаңдаған талай саланың аяғынан шалған пандемия кино өндірісіне де әсер етпей қоймады. Кинотеатрлар жабылды. Жұрттың бәрі тың туындыларды үйде отырып, ғаламтордағы сайттардан көруді жөн санады. Онлайн платформалар ақылы режимге көшті. Бірақ өнер туындысын ақылы көру, бағалау мәдениеті әлі де қалыптаспай келеді. Сондықтан телеарналар, «Youtube» желісінде қазақша бейнеконтент жасаушылар маркетинг пен smm-ге мойын бұруда.

Өзгеруге, өзгертуге себепкер болған бір жыл ішінде қазақ киносы мүлдем жаңа арнаға түсіп, тану мен танылуға талпынды. Трендте – «Salem Social Media» шығармашылығы. Арнайы тапсырыспен түсірілме­гендіктен бе, аталған фильмдерден режиссердің еркіндігі, шеңберден шыға алғаны сезіледі. Сценарист Перизат Мырзахметтің 2021 жылы жарық көрген «Жайна+» сериалы жасы 30-ға таяған арудың тұрмысқа шығудағы таңдауы­нан сыр шертеді. «Қыз мұраты кету» деген санаға сіңген түсінік бар ғой. Сонымен қыздың мұраты қайда кету? Қыздар не үшін тұрмысқа шығуы керек? Жұрттың бәрі үйленіп, үй болып жатқан соң ба, жоқ әлде, «отырып қалмау» үшін бе? Мүмкін, жауапкершілік жүгін күйеуіне артып қою үшін..? Әр сериясы 20 минуттан тұратын туынды сөзсіз көрерменге сұрақ қойып, санасын сілкіп тастайды. Кейіпкерге сай таңдалған актерлар, локация, сюжет, уақытының қысқалығы – «Salem Social Media» шығармашылығының ерекшелігі. Бұдан бөлек осы жыл ішінде «Көрші», «Алғашқы махаббат» сынды туындыларын да шығарды.

Ютубта қазақша контентті жандандырып жүрген сәлемдік режиссердің бірі – Әлішер Утев. 11 қараша күні халыққа ұсынған «Сержан братан» сериалы алғашқы үш бөлімімен-ақ көптің көңілінен шығып, миллиондап қаралым жинай бастады. Тың туынды түрмеге түскен адамның тағдырын көрсетсе, жас сценарист Нұрсұлтан Жұмабековтің «Шекері» тыйым салынған бизнес – есірткі сатуға «сыбана кірісіп», кейіннен одан шыға алмаған қазақ баласының шарасыздығын көз алдымызға әкеледі. «Эскорт» сериалында тәнін сатумен айналысатын бойжеткеннің ішкі жанайқайы, қаржысы көп, қауіпті жұмыстан оңайлықпен шыға алмауы, құрбысының ағасына ғашық болуы көрерменді басты кейіпкер Айсараға ілестіріп әкетеді. Әр сериясы миллиондап қаралым жинаған туындылар бұрын «тыйым салынып» келген тақырыптарды көтеріп, детектив, криминал элементтерін бойына сіңіргендей. Тән сату, есірткі бизнесі, жастар арасындағы түрлі деңгейдегі қылмыс – мұның бәрі айналамызда орын алып жүрген жайттар. Адамның қандай жағдайда өмір сүретіні өзінің таңдауы екенін меңзейтін әр сериал 18 жастан асқан көрермендерге көруге рұқсат етілген.

Соңғы айда қазақ қоғамын шулатып, көрермен көңілін елең еткізген «5:32» хикаясы ең таңдаулы тергеушінің бірі болған Шалқардың өмірінен сыр шертеді. Тапсырыспен кісі өлтіретіндерді ұстауға шақырту алған зейнеткер тергеуші Алматыда орын алған адам сенгісіз қылмыстардың құпиясын ашады. Кінәсіз, бейтаныс жанды буындырып өлтіру, өртеу, адам етінен жасалған бәліштерді сату сынды қорқынышты оқиғалар желісі шынайы өмірден алынған екен. Ал «5:32» атауы Құран Кәрімдегі 5-ші сүре, 32-ші аятқа қатысты деген болжам бар. Онда: «Кім де кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, шын мәнінде барлық адамды өлтіргенмен, ал кім оны өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең», – деп жазылған.

Осылайша бірнеше арнаны қатар жүргізіп келе жатқан олар қысқа метражды сериал түсіруде тақырыптық, идеялық жағынан өзгерістер әкелгенін мойындау керек. Детектив жанрындағы туындылар қазақ көрерменін таңдандырардай деңгейде емес. Дегенмен, сәлемдіктердің «батылдығын» бағалағанымыз жөн. Демек бізде комплекстерден арылып, көркем фильм түсіруге толықтай мүмкіндік бар. Сценарист, режиссерлер де жеткілікті.

Сериалға сұраныс бар

Жаһандану ұлттық құндылығын жоғалтып алуға жақын қазақ жастарына, бүгінгі буынға артылар жауапкершілік жүгін ауырлата түсті. Сан алуан көзқарастар қақтығысы орын алған шақта ұлт боп қалу – қазақтықты сақтауда, қазақы танымды жан-дүниесімен сезінуде. Осы орайда көптеген телеарнада қаптап кеткен түрік, үнді сериалдары қоғамдық санаға кері әсер етпей ме? Мәселен, өзге елдің контенті енгенге дейінгі елдің рухани ахуалы, киіну мәдениеті қазіргіден өзгешелеу болды. Яғни олар атойлап, ұран салмай-ақ кинотуындылармен халықтың санасына әсер етуде. Ал соңғы жылдары ұлттық арнадағы «ұлттық емес» тəрбиенің көзі боп жүрген шетелдік контенттің азайғаны, оның орнын отандық сериалдар басқаны көңілге қуаныш сыйлайды.

Ермек Тұрсынов: «Кино – бір ғана сөйлем. Сюжет соған жұмыс істейді», – дейді. Бір ғана сөйлеммен қазақтың мінезін, оңы мен солын танытып жүрген сериалдар баршылық. Мәселен, екі апта бұрын ұлттық арнада Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы жарыққа шықты. Алты бөлімнен тұратын фильмнің продюсері Айсәуле Әбділдаева болса, сценарийін Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым жазған. Режиссері де – Мұрат Есжан. Басты рөлде ойнайтын Байғали Есеналиев.

Мойындау керек, кеңес өкіметі 50 жыл бойы атын ашық айтуға тыйым салып келген Ахметтің есімі 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қайта жаңғырып, өмірінің өнер туындысына айналуы – шынайы жетістік. Абсолютті мінсіз дүние жоқ. Бірақ жаңа туындыға айтылар «сын шын болса» екен. Фильмді көрген жұрт әлеуметтік желілерде жамырап, әркім әртүрлі пікір айтып жүр. Сөзсіз, бірі фильмнен Торғай даласын іздесе, енді біреулер «тарихи шындық бұрмаланған» деп буырқануда. Кеткен кемшілік, көпке әсер еткен туынды туралы автор Мұрат Есжан:

– Ахмет Байтұрсынұлы жайлы фильм түсірсем деген ойда жүргеніме он жылдан асты. «Хабар» телеарнасында жүргенде «Ахмет туралы деректі фильм жасасам» деген арман болды. Менің мақсатым өнер туындысын жасау емес. Қандай әдісті қолдансам да Ахаңның биік тұлғасы, сынбас рухы арқылы көрермен жүрегіне сәуле беру болды. Ал уақыт пен қаржының қыспағын бір кісідей көрдік. Бұл фильмнің кемшілігін жасыру үшін айтып отырған сылтауым емес. Өзімнің де әттеген-айларым аз емес.

Шынын айтқанда, телеарна арқылы қаржыландырылған телехикаялар орташа деңгейде түсірілген көркем фильмдерге бөлінетіннен 15-20 есе аз қаржыға түсіріледі. Сондықтан жалпы сериалды бір ай ішінде аяқтауға мәжбүр болдық. Түсірілімнің әр күні – 1-2 миллион теңге көлеміндегі шығын. Бір күн асса, бір күн созылса – оның бәрі ақша», – дейді.

Сериалдағы басты кейіпкер жақсы таңдалғанымен, оқиғалар бірінен соң біріне көшіп, үзінділердің жиынтығы іспетті әсер қалдырады. Ал тарихи шындыққа сай емес дегендерге жауап – көркемдік кеңесші ретінде ғалымдардың пікірі ескерілгені, автордың 49 кітаптағы дерекке сүйенгені болса керек. Әрине, режиссер айтқандай, қысқа жіп күрмеуге келмегенмен, автордың мақсаты орындалған туынды деп топшыладық. Әйгерім Рамазанова есімді көрерменнің: «Болмайтын, толмайтын футболға миллиардтап ақша бөлгенше, осындай тарихи туындыларға бөлу керек. Бар уайымы мен қайғысы ұлттың тағдыры болған тұлғаны көргенде, өміріне налып, түңіліп жүргендердің мәселесі түк емес екенін түсінеміз. Сериал тарихи тұлғаны танытып қана қоймайды, жігер береді», – деген пікірі осыны білдіретіндей.

Зерттеп, мән беріп қарасақ, телехикаяларға бөлінуі тиіс қаржының лимитті мөлшері туралы қаулының қабылданғанына 20 жылдай уақыт өтіпті. Яғни ұлттық арна ұлт ұстазы жайлы туындыға қанша маңыз бергісі келсе де, сериал түсіруге белгіленген стандартты сомадан артық қаржы бөле алмайды. Ал 20 жылдан бері зат бағасы неше есе қымбаттады? Теңге құнсызданбады ма? Телеарналар тарапынан да көтеріліп жатқан бұл мәселе қолға алынар кез жетті. Себебі тәуелсіздік алғаннан кейінгі, еркін ойлы азаматтардың қазақша сериалдарын халыққа ұсыну – уақыт талабы.

Ал көркемдік жағынан кеткен кемшіліктер қаржысы жеткілікті, көрермен талғамы биік болғанда ғана түзелері хақ. Көрермен талғамына сүйенсек, комедия мен арзанқол фильмдерден алыстамасымыз анық. Сондықтан талғамды сауатты режиссерлар мен сценаристер қалыптастырып, «аз жазса да, саз жазылар» ұлы туындыларды ұсынуы шарт.

Осы жылы ұлттық арна тарапынан тапсырыспен түсірілген 16 отандық сериалдың 6-уы тарихи бағытта жасалып, Ахмет Байтұрсынұлы туралы сериалмен бірге тағы 5 туынды – «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» көрерменге ұсынылады. Ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған тарихи туындылар – тәуелсіз қазақ киносының бүгінгі келбеті.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай келесі жылғы сериал өндірісі туралы: «Ұлттық арна 2022 жылы түсірілетін сериалдарға ашық байқау жариялап, 188 жоба қабылдады. Тарихи тұлғалардың өмірін, бейнесін экран арқылы дәріптеу ісінде алға қойған мақсат-міндетімізге сай келер жылы Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев туралы түсіруді жоспарлап отырмыз. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романын экранизациялау мақсаты тұр. Затаевич пен Брусиловскийдің қазақ музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі де бір телехикаяға арқау боларлықтай», – деген болатын. Демек қазақ киносының болашағы сенің қолыңда, жас сценарист, жасампаз режиссер!

Дина БӨКЕБАЙ