фото: ашық дереккөзден алынды
Қазақстандық банктердің бірыңғай QR-код жүйесіне қосылуы техникалық себептерге байланысты уақыт алып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, банктер бұл процесті әдейі созып отырған жоқ. Негізгі мәселе – әр банктің өз технологиялық жүйелері мен қауіпсіздік инфрақұрылымын бірыңғай жүйемен үйлестіруде.
Банктер соңғы жылдары өздерінің экожүйелерін, қауіпсіздік жүйелерін және QR төлем құралдарын жеке-жеке дамытты. Енді сол жүйелерді біріктіріп, бір-бірімен қауіпсіз түрде жұмыс істейтіндей ету қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді, – деді ол.
Ұлттық банк қазіргі уақытта банктермен бірлесіп техникалық жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Заңнамалық және келісімшарттық негіздер толық қалыптасқан.
Барлық құқықтық мәселелер шешілген – заңдар қабылданды, келісімдер жасалды. Қазір тек техникалық интеграция кезеңі жүріп жатыр, – деді Тимур Сүлейменов.
Алдын ала жоспар бойынша, бірыңғай QR-код жүйесі 2026 жылдың жазында (шілде ортасында -ред.) іске қосылуы мүмкін.
Біз бұл жүйені маусым айында аяқтап, шілде айына қарай толық іске қосамыз деп күтіп отырмыз, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда ипотека шарттары өзгереді. Елімізде ипотека бойынша шекті мөлшерлемелер енгізіледі.
Белгілі болғандай, жазда доллар қымбаттауы мүмкін. Оның себебін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов түсіндірді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиелерге қатысты жаңа реттеу тетіктері қарастырылып жатқанын айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!