Көктемнің шуақты күні Қызылорда қаласындағы Теміржолшылар саябағы ерекше қарбаласқа толды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында өткен «Таза қала – жасыл қала» акциясы аймақ жастарын бір арнада тоғыстырды. Табиғатты аялауды мақсат еткен белсенділер саябақ аумағына жүздеген түп жас көшет отырғызып, қаланың көркеюіне үлес қосты.
Бұл жолғы шараның шоқтығы биік. Себебі жиналғандардың қарасы қалың, әсіресе жалынды жастардың белсенділігі қуантады. «Жастар рухы» мен «Qosyl» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен акцияға 100-ге жуық ерікті қатысты. «Жастар рухы» Қызылорда қалалық бөлімшесі жетекшісінің орынбасары Қарақат Спартакқызының айтуынша, бұл жұмыс – жастардың туған қаласына деген шынайы жанашырлығының көрінісі.
– Біз «Жастар рухы» ретінде қаламыздың әрбір саябағының жасыл желекке орануына себепші болғымыз келеді. Қазіргі жастардың тек әлеуметтік желімен шектелмей, табиғаттың көркеюіне нақты іспен үлес қосып жатқаны қуантады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей мақсатымызды іспен дәлелдемекшіміз», – деді Қарақат Спартакқызы.
Акция аясында саябақ аумағына 100-ге жуық көшет отырғызылды. Іс-шараның басы-қасында жүрген Қызылорда қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек бұл жұмыстың ауқымы кең екенін атап өтті. Оның айтуынша, мақсат – тек тал егу емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
– Бүгінгі шара жоғары деңгейде өтуде. Жастар жұмысқа жұмыла кірісті. Біздің басты меже – қаламызды жасыл желекке айналдыру. Алайда тал егумен іс бітпейді. Жастар осы көшеттерді ары қарай күтіп-баптау, суару және өсіп-өнуін қадағалауды да өз міндеттеріне алып отыр, – деді Медет Жорабек.
Акция тек ағаш отырғызумен шектелген жоқ. Оның жалғасы ретінде «Тазалық патрулі» экожасағы іске кірісті. Олар қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге өз аулалары мен ғимарат маңын таза ұстаудың маңызын түсіндіріп, ақпараттық брошюралар таратты.
Медет Жорабектің айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасады. Қала саябақтарында тұрақты сенбіліктер мен тал отырғызу шаралары ұйымдастырылып, өзен-көл жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Онымен қоса тұрғындар мен жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған 10 арнайы семинар-тренинг өткізу жоспарланып отыр.
Бүгін егілген кішкентай шыбық бірнеше жылдан соң алып бәйтерек болып өсіп, Сыр жұртшылығының сүйікті демалыс орнына айналады. Қызылордалық жастардың бұл қадамы еліміздің жаңаруына үлкен үлес қосары сөзсіз.
Мейір Ниет
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!