Жыл басындағы жағдай баршамызды есеңгіретіп тастады. Алайда 11 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталғанына тоқталып, еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты екенін жеткізді.

Сондай-ақ, осы пленарлық отырыста Президент баяндама жасап, жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді. Ең бастысы қазіргі антитеррорлық іс-шараларды тиімді аяқтап, бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қойып, кәсіпкерлердің елдің экономикалық жағдайының өсуіне үлес қосуына қолдау білдіріп, мәдениет пен білім саласының да дамуы әрқашан назарда болуға тиіс екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сын сағатта жасаған батыл қадамдары, конструктивтік шешімдері, көтерген концептуалдық мәселелері билік пен халықты бір қадам жақындатты. Халықтың үмітін оятты, болашаққа деген сенімін арттырды. Президент жіберілген олқылықтар мен қателіктерді шешу қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл жерде тек жай ғана қолдап қою жеткіліксіз. Барша азамат ел тыныштығы мен халық тұрақтылығы үшін жауапты екенін сезінгені абзал.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты