Фото: kazislam.kz
Қазақстанда мамыр айында Imam AI атты жасанды интеллект жүйесі іске қосылады. Жоба сенушілердің діни сұрақтарына жедел жауап беріп, сенімді ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, Imam AI жобасының пилоттық іске қосылуы биыл мамыр айының басына жоспарланған.
Imam AI-ды енгізу діни ұйымдардың да жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді қолдана бастағанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде сенушілердің сұрақтарына жауап алу уақытын қысқартып, мамандарға түсетін жүктемені азайтып, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ЖИ-имам әзірленіп жатқаны туралы алғаш 2026 жылдың қаңтарында белгілі болды. Жоба діни-ағартушылық қызметте заманауи технологияларды қолдану стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда араб және парсы тілінен енген діни сөздердің орынсыз қолданылуы жиілеп бара жатқаны туралы жазған едік. Дін мамандары “ифтар”, “сухур”, “ақи” сияқты сөздердің орнына қазақ тіліндегі “ауызашар”, “сәресі”, “бауырым” секілді баламаларды қолдану қажет екенін айтқан. Олардың пікірінше, құлшылыққа қатысты халықаралық діни терминдер (мысалы, “әлхамдуллила”, “аллаху акбар”) сақталғаны дұрыс, ал тұрмыстық деңгейде бұрыннан қалыптасқан қазақы атауларды арабшамен алмастыру тіл тазалығына кері әсер етеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!