Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде доцент, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ербол Әбеновтың 60 жасқа толуына арналған салтанатты мәжіліс өтті.  

Шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысып, ұстаздың сапалы маман даярлау бағытында елеулі еңбек атқарғанын атап айтты.

Ал, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай ғалымның білім берумен қатар, жастар тәрбиесіне ерекше ден қойғанын, Ербол Мүбаракұлының бастамасымен жаңа жобалар жүзеге асқанын жеткізді.  

– Ғылым кеңістігіне ден қойып, ғұмырын ұстаздықпен байланыстырған Ербол Мүбаракұлы әр жылдары университетіміздің «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының меңгерушісі, «Музыка-педагогикалық» факультетінің деканы, «Жалпы тарих» кафедрасының меңгерушісі, «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда университеттің «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының ұлағатты ұстазы.

Ербол Мүбаракұлы  ұзақ жылдан білім беру саласында тынымсыз еңбек етіп, оқу орнының дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып келеді, – деді Жандос Нұртайұлы.

Салтанатты шарада Ербол Әбеновке Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Ербол Мүбаракұлы 1998 жылы Қазақстан Республикасы Академиясы жанындағы Философия және саясаттану институтында э.ғ.д., профессор Е.М.Арыновтың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасында биліктің орталықсыздандырылуы: алғышарттары мен белгілері» деген тақырыпта  кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Ербол Абеновтің жергілікті және республикалық баспасөз беттерінде түрлі тақырыптағы 50-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген.                            

Ғалым облыстық, республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысумен қатар қоғамдағы өзекті мәселелер жайында жеке ой-толғамдарын да жариялап келеді.

1999 жылы студенттердің «Ақиқат» саяси-дебат клубының құрылуына ықпал етіп, жетекшілік жасады. Бүгінде саяси-дебат клубының мүшелері ел игілігі жолында еңбек етіп, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарда абыройлы қызмет атқаруда.

Ұстаздық қызметі мен ғылыми жетістіктері үшін Ербол Мүбаракұлы ҚР Президентінің, университет ректорының алғыс хаттарымен марапатталған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дамуына үлкен үлес қосқаны үшін оқу орнының 70 және 75 жылдық медальдары және «Қорқыт ата атындағы Алтын медалі» табысталған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!