Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА құрама командалар үшін жаңа футбол экипировкасын дайындау жөнінде келісімге қол қойды.

Келісім бойынша киім үлгілері ұлттық өрнегі бар жеке дизайнда жасалмақ.

Сонымен қатар келісімнің басты артықшылығы жанкүйерлерге арналған экипировкалардың қол жетімді болуы. Әр жанкүйер фан-шоптардан ұлттық құраманың эксклюзивті киім үлгілерін, сондай-ақ ерекше дизайнда дайындалған тауарларды сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Ұлттық құрамаға арналған жаңа футбол жейделері италиялық «Errea Sport» компаниясымен бірге әзірленеді. Барлық экипировка «100 OEKO-TEX» стандарты бойынша сертификациядан өтеді. Бұл стандарт денсаулыққа зиян заттарға қатаң шектеу қояды.

Ойын формасы үш жиынтықтан тұрады: үй формасы, қонақ формасы және резерв.

Экипировканың дизайн жұмыстарына қазақстандық дизайнерлер және Errea мамандары қатысады.

Келісімге қол қою үшін УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар бойынша кеңесшісі Йозеф Климент Қазақстан астанасына арнайы келді. Ол ФИФА-ның еуропалық қауымдастықтар бойынша директоры Эльхан Мамадовпен бірге 19 қыркүйек күні өтетін Қазақстан футбол федерациясының Конференциясының мәртебелі қонағы болмақ.

«Қазақстан футбол федерациясына УЕФА және оның серіктестіктеріне ынтымақтастықты қолдап, Kit Assiatance Scheme бағдарламасына қосылғаны үшін алғысымызды айтамыз. Бұл шешім қазақстандық футболдың имиджін арттыра түседі деп сенемін. Қазақ халқының ерекшелегін білдіретін жеке дизайн дайындауға және жеке фан-шоп іске қосуға мүмкіндік бар. УЕФА бұл шешімді жан-жақты қолдауға дайын», – деп атап өтті УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар бойынша кеңесшісі Йозеф Климент.

«Конференция қарсаңында ФИФА және УЕФА-дан келген әріптестерімізбен бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Бүгін біз УЕФА-ның кезекті бағдарламасының қатысушысы болдық. Бағдарлама Қазақстан құрамасының имиджін арттырады деп сенемін. Қолдау көрсеткен әріптестерімізге алғыс айтамын», – деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Олжас Абраев.

Айта кетейік, ұлттық құрамалар 2023 жылғы маусымнан бастап жаңа формамен ойнай бастайды.

Фото: kff.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!