Сөз өнері – жүректі толқытып, ақылды тара­зы­лап, ойды өрнектеп жеткізетін ұлы өнер. Сонымен қоса асыл сөздің сиқырлы сырын ашып, шығармашылықтың көркемдігін арттырып, тіл байлығын молайтады. Осы орайда облыстық ха­лық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының үйымдастыруымен  «Мар­жан сөз, қоңыр үн» атты  концерт жүргізушіле­рінің облыстық конкурсы өтті.

Мақсат  – жастар шығармашылығына қолдау көр­сету, аймақтағы концерт жүргізушілерінің талантын шыңдау, оларды үлкен сахнаға шығару арқылы мәдени шаралардың деңгейін көтеру. Конкурсқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Мәметова атындағы педагогикалық  жоғары колледжі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжі, И.Әбдікәрімов атындағы агро-техникалық колледжі мен 7 ауданнан барлығы  22 талапкер бақ сынады. Олар екі шарт бойынша өнер көрсетті. 1-шарт бойынша қатысушы кез келген еркін тақырыптағы өлеңдерді жатқа оқыды. Келесі кезекте айтулы дата мен мерекелік күндерге арналған мәдени шаралардың сценарийін дайындап, шара  жүргізушісі ретінде өз  қабілетін көрсетті.

Үздік шыққан, көзге түскен жастардың қарымы көңіл қуан­тады. Байқау жеңімпаздары енді облыс көлемінде өткі­зілетін ауқымды мәдени-көпшілік шаралар­ды жүргізбек.