Кітап – рухани жұтаң етпей, ақыл-ойды дамытатын теңдессіз құрал. Оқырманға берері көп болғандықтан, сарқылмайтын қазынаға балайтынымыз содан. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі кітапхана қорын толықтыруды тасада қалдырған емес. Бұл жолы №6 қалалық орталықтандырылған кітапхана ұжымы 50 кітапты сыйға тарту етіп, оны аға кітапханашы Айнұр Тайлыбаева табыстады.

Оқуға ниетті адамға түрлі жанр табыла кетеді. Мұнда детектив, көркем-әдеби және тарихи кітаптың қарасы қалың. Тіпті, салалық бағытта да сан дерекке көз жүгірту мүмкіндігі бар.

– Адам жанының азығына баланған кітаптың пайдасы зор. Әрі жазасын өтеушілерді қайта әлеуметтендіру жұмысының маңызды бөлігі де осы. Сондықтан, олардың сұранысын қанағаттандырып, қажетті кітапты қарастыруға тырысып келеміз. Бүгінде жалпы кітап саны – 5 мыңға жуықтады, – дейді мекеменің кітапхана маманы Асылбек Бурханов.

«Жер бетіндегі жүрегі бар жалғыз үй – кітапхана» деген қанатты сөздің жаны бар. Қоғамға бейімделіп, дұрыс таңдау жасауға түрткі болса нұр үстіне нұр. Демек, алдағы уақытта да мекеме мен рухани мекен арасындағы байланыс бекіп, ізгі жұмыс жалғаса түспек.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!