Қазақстан ата-аналар одағы жазғы демалыстың қысқаруына қарсы шықты. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес елдегі мектептерге оқу жылы 20 тамызда басталуы мүмкін. Ал ата-аналардың пікірінше, мұның кесірінен оқушылар жаздан бастап сабақ оқиды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап. 

Анастасия Машнина – Қазақстан ата-аналар одағының Қарағандыдағы өкілі. Ұлын тәрбиелеп отырған ол 20 тамызда мектепке жіберудің дұрыс емес екенін айтады. Сөзінше, балалар үшін жазғы демалыстың әр күні санаулы. 

«Балалардың жазғы демалысының 10 күнін алып қояды. Дегенмен оқу жылының ұзақтығы өзгермейді дейді. Тамыздың 10 күнін қысқы демалыс ретінде пайдалануға болады. Ал біздің қыста демалғымыз келмейді. Қазақстанда қыста салқын. Отбасылардың тек 1-2%-ы ғана балаларын жылы елдерге апара алады», – деді Анастасия Машнина. 

Оқу жылының базалық мерзімі 1 қыркүйек пен 31 мамыр аралығында өзгеріссіз қалады. 20 тамыздан бастап балама оқу мерзімін «пилоттық, халықаралық, жекеменшік мектептер мен өзге білім мекемелері» қолдана алады. Ал ата-аналардың айтуынша, «пилоттық және өзге мектеп» қатарына кез келген білім ордасы қосылып кетуі мүмкін. Әрі оқу жылының мамырдың соңына дейін ұзартылғанын да еске салып өтті. Астаналық қоғам белсендісі Айжан Мұстафина мұндай жаңашылдықтың оқудағы жүктемені мүлде азайтпағанын мәлімдеді. 

«Қоғам талқысына шығарылған алғашқы жобадан кейін демалыстың 5 күнін алып тастады. Келесі жоба тағы бірнеше күнді алды. Нәтижесінде балалар тағы 11 күн оқуы керек, дегенмен олар жазда толығымен демалуға құқылы. Балалар аптасына бес күн оқыса да, жүктеме азайған жоқ», – дейді Айжан Мұстафина. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше аталмыш өзгеріс барлық мектепге қатысты емес. Жазғы демалыс уақытын тек халықаралық және пилоттық мектептер ғана өзгерте алады. 

«Қазір Оқу-ағарту министрлігінде халықаралық және пилоттық мектептерге академиялық бостандық беру мәселесі талқыланып жатыр. Бұл барлық білім беру мекемелеріне қатысты емес. Оқу жылын бастау және аяқтау уақыты жалпы білім беретін мектептерде өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар министрлік оқушылардың демалыс уақытын қысқарту мәселесін талқылап жатқан жоқ», – деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!