фото: iStock

Елордада полиция ата-аналарға балаларды терезеден құлаудан қорғау жолдарын ескертеді, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Мемлекеттік органдармен бірлесіп аулаларды аралау ұйымдастырылып, адамдар көп шоғырланатын орындарда – саябақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және өзге де қоғамдық кеңістіктерде түсіндіру шаралары өткізіліп жатыр. Азаматтарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратылуда.

Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйлердің ортақ чаттарына, ата-аналар мен мектеп топтарына күн сайын профилактикалық хабарламалар жолдап, кіреберістерге, емханалар мен балалар мекемелеріне ескерту парақтарын ілуде.

Мамандардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ересектердің балалар қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмеуінен туындайды.

Осыған байланысты ата-аналарды қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз:

  • бала үйде болған кезде терезені ашық қалдырмаңыз;
  • москиттік торларға сенбеңіз,  балалар оған сүйеніп, бірге құлап кетуі мүмкін;
  • терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын (бекіткіштер, блокираторлар) орнатып, баланың өздігінен ашуына жол бермеңіз;
  • жиһазды терезеден алыс орналастырыңыз, баланың оған шығып кетуіне мүмкіндік бермеңіз.

Есіңізде болсын, баланың өмірі мен денсаулығы – баға жетпес құндылық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!