Фото: Көлік министрлігі

Қарағанды облысында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіліп, бірқатар заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды KAZINFORM.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, өңірде көліктік бақылау шаралары аясында аумақтық инспекция жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 53 карьерді тексерген. Нәтижесінде 27 нысанда ғана салмақ өлшеу жабдықтары бар екені анықталған.

– Карьер иелеріне көлік заңнамасының талаптарын сақтау, оның ішінде салмақ өлшеу құрылғыларын орнату қажеттілігі туралы хабарламалар жолданды. Сонымен қатар карьерлерді паспорттау туралы шешім қабылданды. Бұл олардың техникалық жабдықталуын нақты анықтауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Жыл басынан бері жүк жөнелтушілерге қатысты 22 профилактикалық бақылау шарасы өткізілген. Сондай-ақ облыста 6 автоматтандырылған өлшеу станциясы (АӨС) жұмыс істейді, оның 5-еуі республикалық, 1-еуі жергілікті маңызы бар жолдарда орналасқан.

– АӨС жүйесі арқылы 2595 өлшеу жүргізіліп, нәтижесінде 683 нұсқама шығарылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 322,8 млн теңгеден асты. Рейдтік іс-шаралар барысында 41 автокөлік тексеріліп, 29 жағдайда салмақ нормасының асып кеткені анықталды. 53 әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлады ведомство.

2026 жылы өңірде тағы 3 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланып отыр. Ал 2028 жылға дейін республикалық жолдарда қосымша 7 станция іске қосылады.

Айта кетейік, ауыр жүк көліктеріне бақылауды күшейту жолдардың тозуын азайтып, көлік инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!