фото: baq.kz/ЖИ
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотекалық несиелер бойынша жаңа шекті мөлшерлемелер енгізу мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл шешім екінші деңгейлі банктермен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп қабылданған.
Бұл тек Ұлттық банктің шешімі емес. Біз банктермен және агенттікпен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, ортақ келісім бар, – деді ол.
Жаңа тәсіл бойынша ипотекалық несиелерге екі шекті мөлшерлеме белгіленеді – 20% және 25%.
Формула қарапайым: егер бастапқы жарна 30% және одан жоғары болса, мөлшерлеме 20% деңгейінде болады. Ал егер бастапқы жарна 30%-дан төмен болса, шекті мөлшерлеме 25% болады, – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
Оның сөзінше, бұл бағыттағы негізгі келісімдер жасалғанымен, техникалық жұмыстар әлі де жалғасуда.
Мамыр айында осы қаулы жобасын ресми түрде жариялаймыз, – деді Тимур Сүлейменов.
Еске сала кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда инфляция төмендеп келе жатқанын мәлімдеді. Алайда тәуекелдер әлі сақталып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!