фото: pixabay.com
Бұл туралы Ақорда кулуарында Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан 2050 жылға дейін кемінде үш атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Кейбір өңірлерде алты энергоблокқа дейін орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Сәтқалиевтің айтуынша, атом энергетикасын дамыту электр энергиясына сұраныстың артуы және энергия теңгерімін әртараптандыру қажеттілігімен байланысты.
Мемлекет басшысы бекіткен атом саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға дейін Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясы болуы тиіс. Әлемде атом генерациясының артуы байқалып отыр. Уран қоры бойынша жетекші елдердің бірі ретінде бұл Қазақстан үшін табиғи даму жолы, – деді ол.
Спикер бірнеше негізгі алаң бар екенін атап өтті.
Біріншіден, Балқаш аймағы – мұнда алты ірі энергоблокқа дейін салуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Курчатов қаласы – шағын және орта қуатты реакторларды дамытуға қолайлы. Батыс Қазақстан да қарастырылып отыр, мұнда энергетикалық қондырғыларды пайдалану тәжірибесі бар, оның ішінде суды тұщыландыру жобалары да жүзеге асқан. Сонымен қатар ұзақ мерзімді перспективада Қостанай өңірі де зерттеліп жатыр, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Сәтқалиев шағын модульдік реакторларды енгізу мәселесіне де тоқталды.
Шағын модульдік реакторлар көмір станцияларын алмастыру және жекелеген өңірлерді энергиямен қамтамасыз ету үшін қолданылуы мүмкін. Қуат бірлігіне шаққанда қымбатырақ болғанымен, олар энергиямен қамтудың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырады, – деді ол.
Оның айтуынша, атом электр станциясын салу – ұзақ әрі күрделі процесс.
Әлемдік тәжірибеде жобалау кезеңі шамамен 5-7 жылды, ал құрылыс 10-15 жылды алады. Бұл – технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан күрделі жоба, – деп түсіндірді спикер.
Еске салайық, Қазақстанда екінші атом электр станциясын Балқаш маңында салу жоспарланып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!