Бүгін Қызылорда медициналық жоғары колледжінің аумағында медицина қызметкерлері арасында 58-ші дәстүрлі облыстық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті.

Спорттық іс-шара көрнекті дәрігер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, аймақ медицинасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ернияз Омаровтың 95 жылдығы мен өмірден озғанына 5 жыл толуына арналды.

Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, сондай-ақ сала ардагерлері мен медициналық ұйымдардың өкілдері сөз сөйлеп, Ернияз Омаровтың ел медицинасының қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбегін ерекше атап өтті. Қатысушылар ұлы дәрігердің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын, оның өмір жолы жас мамандарға үлгі екенін жеткізді.

Қызылордада медицина қызметкерлерінің 58-ші облыстық спартакиадасы басталды

Шара барысында өңірдегі бірқатар медициналық ұйым мен емдеу мекемелерінің командалары спартакиадаға қатысу үшін сап түзеді. Олардың қатарында облыстық және қалалық ауруханалар, аудандық емдеу мекемелері, медициналық орталықтар мен колледждер бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, спартакиаданың негізгі мақсаты – медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық рухты нығайту және кәсіби сала мамандарының бірлігін арттыру.

Салтанатты бөлімнен кейін спартакиаданың ресми ашылуы жарияланып, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбдіғаппарұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мұндай дәстүрлі спорттық шаралар сала мамандарының ынтымағын арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына да оң әсер ететінін атап өтті.

Қызылордада медицина қызметкерлерінің 58-ші облыстық спартакиадасы басталды

Шара соңында медицина қызметкерлері бірлік пен еңбекті ұштастырған спорттық жарыстарды бастады. Ұйымдастырушылар бұл спартакиаданың өңір медицинасы үшін маңызды дәстүрге айналғанын жеткізді.

Камилла Сағындықова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!