Қызылорда облысында жаппай тәртіпсіз кезінде аңшылық дүкенінен 6 млн 212 мың теңгенің заттары ұрланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде бірнеше органнан құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы тарапынан қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Ұсталған азаматтардан тергеп-тексеру барысында заттай дәлелдемелер алынды. Олар – 3 қару-жарақ, оның біреуі АКСУ автоматы мен 20 арнайы щит, дубинка, каска құралдары. Сондай-ақ, қаладағы ломбардтың бірінен жалпы құны 300 млн теңге тұратын алтын бұйымдар ұрланған.

Ал аңшылық дүкеннен 6 млн 212 мың теңгенің заттары қолды болған. Аталған қылмыстар бойынша күдікті ретінде Қызылорда қаласының 5 тұрғыны қамауға алынды.

«Бүгінгі күнге азаматтардан полиция органдары қызметкерлерінің әрекетіне қатысты Өзіндік қауіпсіздік басқармасына 25 арыз-шағым келіп түскен. Бұл бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді.