Бар игілік − балаға. Былтыр көпқабатты 20 тұрғын үйдің ауласына жалпы құны 1,3 миллиард теңгеге заманауи үлгідегі спорт және балалар алаңдарының құрылысы жүргізілді. Ал бүгінде Қызылорда қаласы бойынша көпқабатты 30 тұрғын үйдің ауласындағы ойын және спорт алаңдарына қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жоспар бойынша жұмыс қараша айында аяқталуға тиіс. Алайда қала әкімі Нұржан Ахатов құрылыс жұмыстарын қарашада емес, тамыз айында аяқтауды тапсырды.

Қазір құрылыс жұмыстары қаланың «Астана» және «Шұғыла» шағын аудандарында, сондай-ақ Қорқыт ата көшесі бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына жүргізілуде.

− 2025 жылы аяқталған құрылыс жұмыстарының нәтижесінде, бүгінде 20 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында ойын және спорт алаңдары жаңадан тыныстады. Стандартқа сай жабдықталған, балаларға да ыңғайлы және жасөспірімдерге арналған шағын футбол алаңдары да жанданып, қолдануға берілді. Кейбір көше бұзақылары мен әлеуметтік осал топ өкілдері алаңдарды ластап, бүлдіріп немесе қиратып кеткен оқиғалар да кездеседі. Бұндай жағдайда жауапты мердігер мекеме − «Еңбек» РМК 3 жылға дейін кепілдік беру арқылы, бұзылған орындарды жөндеп, қалпына келтіреді. Жазасын өтеуші азаматтарды жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 40 адам жұмыспен қамтылып, кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік алуда, − дейді RSжол сервис мекемесінің директоры Руслан Ысматуллаев.

Ойын және спорт алаңдарының құрылысына қатысты арнайы баспасөз туры кезінде қала әкімі Нұржан Ахатов балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спортқа баулу және қауіпсіз орта қалыптастыру – негізгі міндеттің бірі екенін атап өтті.

− Осы бағытта қала бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл бюджеттен арнайы қаржы бөліп, бірнеше шағын ауданда жаңа ойын және спорт алаңдарының құрылысын бастадық. Бұл алаңдар заманауи талаптарға сай салынып, балалардың қауіпсіздігі толық ескеріледі.

Біз үшін ең бастысы − әрбір баланың өз ауласында ойнап, спортпен айналысуына мүмкіндік жасау. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қала аумағында мұндай нысандардың санын кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар құрылыс сапасы мен пайдаланылатын материалдардың талапқа сай болуына ерекше көңіл бөлінуде. Барлық жұмыстар тиісті бақылауда болады, − деді ол.

Сонымен қатар әкім тұрғындардың ұсыныстары да ескерілетінін атап өтті. Жаңа алаңдардың сапасына балалар да дән риза. Аулада ойнап жүрген кішкентай тұрғынның бірі:

− Жаңадан жасалған алаң өте қатты ұнады, барлығы жаңа, әдемі, заманға сай жасалған. Сабақтан кейін, демалыс күндері достарымызбен келіп ойнаймыз, – деп ойымен бөлісті.

Сонымен қатар «алдағы уақытта жарық тартылса екен» деген тілегін де жеткізді.

Жалпы қалада қолға алынған бұл жұмыстар балалар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жаңа алаңдар тек ойын ойнайтын орын емес, балалардың бір-бірімен араласып, уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар ертеңгі ұрпақтың сапалы өсуіне ықпал ететіні анық. Тұрғындардың да, балалардың да пікірлері ескеріліп жатқаны бұл бастаманың маңызын арттыра түседі.

Ақбота ҚОЛҒАНАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!