Жол жұмысшыларының жалақысы 30 пайызға артты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, еңбекақысы артқан қызметкерлердің қатарына республикалық маңыздағы тасжолдар желісін тәулік бойы күтіп-ұстаумен айналысатын негізгі өндірістік персонал қызметкерлері мен қосалқы өндіріс қызметкерлері жатады.
«ҚазАвтоЖол» өкілдері қыс мезгілінің басынан бері жол қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылғанын атап өтті.
«Жол жұмысшылары күндіз-түні қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын атқарып, жолда қиын жағдайға тап болған республикалық трассаларды пайдаланушыларға көмек көрсету жұмыстарын жалғастырып жатыр», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қаңтарда республикалық маңыздағы автожолдар көктайғаққа қарсы 17 мың куб метр құм-тұз қоспасымен өңделген.
Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері биыл ветеринария мамандарының жалақысы 35-50 пайызға өсетінін айтқан болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!