Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Әйелдердің зейнет жасы әр бала туған сайын қысқаруы керек» деген депутаттың ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Еске салсақ, кеше Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов әр туған бала үшін әйелдердің зейнет жасын 2 жылға қысқартуды ұсынған еді. 

Тамара Дүйсенова заң бойынша аналар зейнетке ерте шыға алатынын айтты. 

“Бүгінгі қолданыстағы заңда 53 жасқа толған, 5 баласы бар әйел зейнетке ерте шығуына мүмкіндігі бар. Бізде ана жұмыс істемегеннің өзінде, егерде 4-тен артық баласы болса, онда оған 12 жыл еңбек өтілін мемлекет береді”, – деді министр.

Ведомство басшысы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың ұсынысына пікір білдірді.

“Бүгінде елімізде зейнетақы еңбек өтілі мен табысына қарай есептеледі. Бұл – мемлекеттен берілетін зейнетақы. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі болмаса, олардың балалары көп болғанына қарамастан есептелмейді. Сондықтан жоғарыдағы мәселе азаматтардың жинақтаушы қорындағы қаражатының көп болуына байланысты. Егер жинақтаушы қорында қаражат болмаса, еңбек өтілі болмаса, зейнетақы да өте төмен болады», – деді Тамара Дүйсенова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!