Алматы облысының құтқарушылары Шарын шатқалында жартастан құлаған Ресей азаматын құтқарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқиға 20 тамызда болғанын айтады.

«Түнгі сағат 02.00-ден бастап Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 1990 жылғы Ресей азаматын жартастан эвакуациялады. Әйел Ұйғыр ауданында Шарын шатқалындағы (Қызыл жартастар) жартастан 500 метр қашықтыққа домалап, өздігінен көтеріле алмаған», – дейді ведомстводағылар.

Ресейлік Шарын шатқалына 19 тамыз кешкі алтылар шамасында Алматыдағы достарымен бірге келген.

«Жартаста 11 сағат отырдым. Түні бойы. Құтқару операциясы да бірнеше сағатқа созылды. Өйткені мені табу өте қиын болды. Мен өте жоғары көтеріліп, сәтсіз түскенмін. Жігіттерге алғыс айтамын. Олар мені арқанмен түсірді. Бұл үшін оларға өте ризамын. Әйтпесе ол жерден өзім шыға алмас едім», – деді қыз.

Алматы облысы ТЖД құтқарушылары мен техникасының күшімен сағат 07:17-де әйел құтқарылды.

Алматы облыстық ТЖ департаменті азаматтарды серуендеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!