Фото: Валерий Бугаев
10 маусымнан Баянауылдағы Жасыбай демалыс аймағында туристік маусым басталып кетті. Алайда коммуналдық жағажайда әлі күнге құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Облыс әкімдігінің дерегінше, осы айдың соңына дейін жағажайда 65 күнқағар қалқа, 3 үлкен көлеңкелі шатыр, 400-ден астам жатын орындық, 3 құтқару мұнарасы орнатылады. Кеспетас пен террасалық тақтайдан жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, душ кабиналары, санитарлық тораптар және киім ауыстыратын орындар пайдалануға беріледі.
– Жұмыс көлемі өте ауқымды болғандықтан, демалушылардан уақытша қолайсыздықтар үшін түсіністік танытуды сұраймыз. Бұл өзгерістердің нәтижесі күткен үмітті ақтап, ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деп мәлімдеді өңір басшысы Асайын Байханов.
Жобаны толық аяқтау шілде айының ортасына көзделген. Осы кезеңге дейін медпункт, полиция мен құтқарушылар бекеттері, футбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ ойын аймағы жабдықталады.
Осындай кешенді жұмыстар 2025 жылы Сабындыкөл жағалауында да жүргізілген. Бүгінде бұл нысандар туристер тарапынан жоғары сұранысқа ие.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!