Фото: FIFA
Сауд Арабиясы мен Уругвай 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының H тобындағы алғашқы кездесуінде 1:1 есебімен тең түсті, деп хабарлайды KAZINFORM FIFA-ға сілтеме жасап.
Есепті 41-минутта Сауд Арабиясының қорғаушысы Абдулелах Аль-Амри ашты. Ол бұрыштық соққыдан кейінгі қайтарылған допқа бірінші жетіп, гол соқты. Эрве Ренар жаттықтыратын команда матчтың көп бөлігінде басымдық сақтап, сенсациялық жеңіске жақын болды.
Уругвайлықтар үзілістен кейін қысымды күшейтіп, негізгі уақыттың аяқталуына 10 минут қалғанда есепті теңестірді. Федерико Виньяса жасаған баспен соққыдан кейін Макси Араухо қайтқан допты бірінші болып қағып алып, қақпаға енгізді.
Ойынның соңында оңтүстікамерикалықтар жеңісті жұлып алуға тырысты, бірақ Сауд Арабиясының қақпашысы Мұхаммед Аль-Овайс командасын тең нәтижемен құтқарып қалды.
Бірінші турдан кейін H тобында толық теңдік сақталды. Бұған дейін Испания дебютант Кабо-Вердемен ойында күтпеген жерден ұпай жоғалтып, кездесуді 0:0 есебімен аяқтаған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!