Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін ұзартып, еңбекақысын көбейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. «Жоғары оқу орны, колледж түлектері, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүргені бар. Кейбіреулері табыс іздеп, заңнан аттауы мүмкін» деген Мемлекет басшысы NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруді де тапсырды. Аталған бағдарламаның тиімділігін ескере келе бұл жастарға жасалған тағы бір маңызды мүмкіндік екенін ұғамыз.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде журналистика мамандығын тәмамдаған Нұрай Ақжігіттің былтыр осы бағдарлама арқылы алты ай тәжірибеден өтіп, шартты түрде жұмысқа қабылданғанын білдік.

–  Бағдарлама жайлы қайдан естідіңіз?

Бағдарлама туралы жұмыс іздей бастағанда білдім. Шарты бойынша өзіңіз қалаған мекемеде 6 ай мерзімде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мен де соны қалт жібермеуге тырыстым. Алғашқы еңбек жолымды «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ бастадым.

– Қатысу үшін белгілі бір критерийлер көрсетілген, арнайы дайындайтын құжаттары тағы бар…

– Ең алдымен жұмыссыз ретінде тіркелу керек және қатысушының жасы 29-дан аспауы міндеттелген. Керекті құжаттарға  диплом үлгісі, жеке куәлік, медициналық анықтама және тұрғылықты мекен-жай анықтамасы кіреді.

– Президент тапсырмасы бойынша аталған бағдарламаның, сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі ұзартылды. Бұл – жастардың дамуына бағытталған қолдау. Десе де, оның «әттеген-ай» дейтін тұсы бар ма?

– Бағдарламаның кемшілігі болды. Ол – жұмыс істеу мерзімінің аздығы. Биылдан бастап бірнеше өзгеріс еніп, жұмыс істеу мерзімі  бір жылға, 18 айға дейін ұзартылды. Бір жыл аз уақыт емес. Бұл мерзім аралығында таңдаған салаға төселіп, қыр-сырын меңгеруге әбден болады дер едім.

– Бағдарлама арқылы тұрақты жұмысқа қабылданғандардың бірісіз. Айтыңызшы, практикаға барғанда нені ескеру керек?

– Тәжірибеден өту барысында оқу орнымда алған білім көмекке келді. Ізденіс, ынта да маңызды. Қазір ақпарат саласына қатысты жаңашылдықтарды меңгеріп  келемін. Бұл ретте білмегенімді үйретіп, қолдау білдірген әріптестеріме алғысым шексіз.

Қоғамда NEET санатындағы жастар кездеседі. Оларды әлеуметтендіруді көздейтін бағдарламаларға жаңашылдық енгізіліп отыр, ал статистикада өзгеріс бола ма? Қалай ойлайсыз?

– Биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыссыз жастарға үлкен қолдау көрсетілмек. Бұл – жағымды жаңалық. Тұрақты жұмыспен қамтудың түрлі бағдарламаларына қолдау шаралары көрсетіліп, техникалық салаларға басымдық берілуде. Елімізде жастарға арналған осындай бастамалар көбейсе, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар саны азаяды деген ойдамын.

– «Жұмыс жоқ» деген сөзді желеу қылатын замандастарыңызға не айтасыз?

– Болашақ жастардың қолында демекші, заман талабына сай болуға ұмтылу керек. Мүмкіндік берілген уақытта «зауқым жоқ, жұмыс жоқ»  деп бос жүруге мүлде болмайды.  Еңбек ету арқылы ғана жетістікке жететініңізді ұмытпау керек. Қазір жаныңыздан бір сәтке қалдырмайтын ұялы  телефон арқылы да жұмыс істеп, табыс табуға болады.

Сұхбаттасқан:

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!