Осыдан бірнеше ай бұрын Арал ауданындағы қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Мал талғажау етер шөп қалмай, шаруаларға оңай соқпағаны рас. «Күн жаманы кетеді» деп білетін аралдықтар қиындыққа төтеп бере білді.

Бастысы, халық қалаулылары, депутаттар маңызды мәселені мінберлерде көтеруде. Облыстық мәслихаттың кезекті IX сессиясында облыстық мәслихат депутаты, «Nur otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Аманжол Оңғарбаев ендігі кезекте Арал ауданының қыр беткейіндегі су ұңғымаларын қолға алу қажеттігін атады.

– Алдағы қыста қолда қалған малын қайтсем аман алып қаламын деген жүздеген шаруа қожалықтар көршілес Ақтөбе облысының территориясына көшірілді. Елде қалған шаруашылықтар да мемлекетке қол жайып қарап отырмай жем-шөп азығын әзірлеп өз қамын жасады. Ал нарықта жем-шөп құнының бірнеше еселеп өскенін көріп отырмыз. Облыс әкімдігі төтенше жағдай аясында бюджет қаражатының шегінде Бұрмақұлақ учаскесін бөгеу, Дің, Бектау және Ералы каналдарын қазып-тазалау жұмыстарымен қатар, Мергенсай, Ақбасты, Сексеуіл және Аққұм ауылдарынан су ұңғымаларын қазу жұмыстарына тиісті қаржы бөлді. Атқарылған жұмыстар жоқ емес, алайда әлі де қолға алынуы тиіс көптеген мәселе көрініп тұр. Себебі алдағы жылы осы құрғақшылықтың жалғаспасына ешкім кепілдік бермейді», – деді Аманжол Оңғарбаев.

Депутат қуаңшылық мәселесімен күресуде Қызылорда облыстық табиғи ресурстар басқармасы сырт қалғанын да атап өтті. Қазақта «Жұт жеті ағайынды» деген тәмсіл бар. Ертеңгі күн сан соғып өкінбес үшін бүгіннен бастап арнайы кешенді жоспарды қолға алуға үндеу, біз үшін түйінді мәселенің  күн тәртібінен түспеуі ертеңге деген сенімді күшейтеді.

Алмасбек ТҰРАРОВ,

аудан тұрғыны

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!