Әжелер институтының тәрбие құралы ретінде өз функциясын толыққанды атқарып тұрған уақытын көрген ұрпақтардың соңғы легі біздің қатар болса керек. Олар – тәуелсіздік жылдарының бастапқы кезеңдерінде өмірге келген перзенттер. Кейіннен нарықтық уақыттың салдары көп құндылықтарымыздан айырды. Ертегі айтатын әжелер қалмай барады. Сөздің қадірін терең ұғынған ана азайып бара жатыр. Дегенмен, мәселе әжелер жайлы емес, әжелеріміздің мысалы арқылы бала психологиясына қажетті белгілер жайлы тарқатпақпыз. Әжелеріміз тентектік еткенімізде «Көгергір», «Өңгір», «Өскір», «Тұқымың жайылғыр» деп отыратын. Аты қарғыс болғанымен, заты ізгі тілек. Ашуланса да, ішінен айналып, толғанып тұрады екен ғой. Бұл жағдайдың асыл дінімізде де, психология ғылымында да түсіндірмесі бар. Ислам түсінігінде ата-ананың аузынан шыққан әрбір сөз балаға дұға ретінде жолданады екен. Яғни мұсылмандардың сенімі бойынша әжеміздің «өркені жайылғыр», «бай болғыр» деген сөздері тағдырымызға тікелей әсер етеді-мыс. Мұндайда дана халқымыз «Жақсы сөз сөйле немесе үндеме» деп жатады. Ал психологияда бала санасының сенгіштігі сөз етіледі. Қайтадан әже мысалына ораламыз. Оның «көгергір», «өскір» деген сөзі баланың ойында мен өсуім керек, көгеріп көктеуім керек, ата-анам үміт артып отыр, сенімдерін ақтауым қажет деген секілді түсінік қалыптастырады екен. Дана әжелер-ай…

Қалыптасушы балаға ата-ананың сөзі үлкен рөл атқарады. Нақтырақ айтқанда сенім етеді. Екі жағдайды алып қарайық. 1-жағдай – Арман және ата-анасы. 2-жағдай – Мақсат және ата-анасы. Арманның анасы ылғи оған сенетінін, әркез қолдай­тынын айтып отырады. Ал, Мақсаттың отбасында оның ештене істей алмайтыны, қолынан келмейтіні жайлы көп сөз етіледі. Кімнің жетістікке жету мүмкіндігі жоғары екені түсінікті. Сондықтан балаңызға ылғи мүм­кін­дік көп екенін, ата-анасының қолдауы көрсететінін айтып та, сезін­діріп те жүрі­ңіз. Бұл балаға сенімділік ұялатады, ал сенімді баланың қалыптасуында кедергілер мен түсініспеуші­ліктер туындамайды.
Тағы бір мәселе – ынталандыру. Балаңызды белгілі бір дәрежеде жетістікке жетуге ынталандырыңыз. Ол шабыттандырады. Алайда ынталандыру тұрғысында маман ретінде бірнеше кеңес бергім келеді. Бірінші мән беретін дүние ынталандыру сыйының көлемі. Ол сатылап өсу керек және сол мадаққа лайықты ісімен шамалас болуы шарт. Әркез баланың не үшін марапатты болып жатқанын айтып отырыңыз. Себебі ынталандыруға үйрету арқылы оған «менің әр ісім бағалы болуы керек, мен тегін немесе сыйлықсыз ештене істемеуім керек» деген ой салуымыз мүмкін.
Үшінші мәселе – қателігі мен кемшілігін айтып жасыту. Біздің бала тәрбиесіндегі ең үлкен қателіктеріміз осы – қателігі арқылы жасыту. Баланың білместікпен жасаған қателігін ылғи айтып отыру оны жасықтыққа соқтырады. Бала белгілі бір істі бастау алдында қателесуден және сіздің қателікті бетіне басып айтатыныңыздан қаймығып көп дүниеден бас тартады. Ал ондай кезде даму болмайтыны белгілі. Тұрмыстық мысалмен түсіндіріп көрейік. Мәселен, ол күрес спортымен шұғылданғысы келеді, алайда сіз оның өткен жолғы кішкене жүкті көтере алмау кемшілігін айтасыз. Бала түсінігінде мен әлсіз екенмін және күреспен айналысуға болмайды деген ой қалыптасады. Бәлкім ол болашақ күрестен спорт шебері шығар. Сондықтан баланың қателігін немесе кемшілігін ылғи айта берудің қажеті жоқ. Дегенмен де, оны жылы жауып қоюға кеңес етпеймін. Оның да кері әсері бар. Бұл тұста баламен ашық диалог құра білуі керек. Ол жерде оның қателігін немесе кемшілігінің туындау себебін, қалай күресу керектігін, екіншіден қателік жасамауға шақыру секілді әңгіме өрбу керек.
Төртінші мәселе – баланы алдамау. Ешкім баласын алдамайды немесе оның алдында ақталмайды ғой деген ой туындауы мүмкін. Нақтырақ айтқанда өз-өзімізді алдамау керекпіз. Біздің сөзіміз бала сеніміне тікелей әсер ететіні секілді ісіміздің де үлкен рөл атқаратыны анық. Мәселен жасөспірімге темекі шекпеу жайлы насихат айтамыз, алайда ол отбасыда шылым тартатын адам бар деп есептейік. Нәтижелілік қанша пайыз? Әрине бала көрегенін істейді. Сондықтан сөзіміз бен ісіміз сай келгені абзалырақ. Сонымен қатар, баламен сөйлескен уақытта өзіміз сенбейтін құндылықтарды оған айтудың қажеті жоқ. Біздің сөзіміз қалай? «Менің балам министр болады», «Менің балам президент болады» дейміз. Кішкене кезден бұл сөздерді естіп өскен баланың бейсаналы жадында өзінің жақсы қызметке жетуі керектігі жөнінде сигнал сақталады. Алайда бір мемлекетте бір ғана президент және бірнеше ғана қалаулы қызметкерлер болатыны белгілі, сәйкесінше біз айтқан межеге бала жете алмайтынын көргенде оның бойында сенімсіздік басым болады. Сол себепті де сөз балаға меже ретінде айтылатындығын ескеріп, оған өз потенциалы жететін тұс турасында сөз еткеніміз жөн.

Айдана АСЫЛБЕКОВА,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!