Жақында қазақ тілді басылымдар қатарына «Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері» кітабы қосылды. Отбасы тақырыбын арқау еткен автормен осы аптада емен-жарқын әңгімелескен едік.

    ‒  Әсия, қалыңыз қалай? Жарыққа шыққан жаңа кітабыңыз құтты болсын! Сізді сырбойылық көрермен тележурналист ретінде таниды. Отбасы тақырыбында қалам тербеуіңізге не әсер етті?

   ‒ Үлкен рақмет! «Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері» атты тырнақалды туындымның жарыққа шығуына тұңғышым Халида сеп болды. Жалпы кітап жас қыз-келіншектерге арналған. Өзімнің аяғым ауыр кезде қазақ аудиториясына арналған мазмұнды ақпараттарды таппай, біраз әлекке түскенім бар. Иә, ғаламтор бетін ақтарсаңыз, ақпарат толып-ақ тұр. Бірақ нақты, ұғынықты тілде жазылған мағлұматтарды іздеп таппаймыз.

  Жалпы кез-келген қыз баланың өмірі әр түрлі кезеңдерден тұрады емес пе?! Өмірге келгеннен кейінгі сәбилік шағы, тілашар, мектеп бітіру сәті, жасөспірімдік шақ, ұзатылуы, жүктілік кезеңі, ана статусын иеленуі. Әр кезеңнің өзінің жүктейтін жауапкершілігі де зор. Өйткені табиғаттың заңдылығы сол, құрсағына сәби біткеннен бастап болашақ ана өзін үлкен өмірге дайындай бастайды. Бұл кезең – ұмытылмас кезең. Өйткені өзі үшін ғана емес, сәбиі үшін де екі есе жауапты. Мен өзімнің жүктілігімді асыға күткендіктен болар, сол кезеңге ерекше мән бердім. Біраз кітап беттерін ақтарып, сәбиіме сол сәттен бастап күнделік арнадым. Босанғаннан кейін де бала күтіміне, физиологиялық дамуына аса мән бердім.

   Жүктілік кезеңінің маңызы мен жауапкершілігін, ана атанғаннан кейінгі жауапты сәттің қызығы мен қиындығын қағаз бетіне түсірдім. 7 айға жуық уақыт ізденісте болдым. Осылайша туынды дүниеге келді.

Қазір қоғамда көкек аналардың көбейіп бара жатқандығы мені қынжылтады. Статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша әрбір оныншы отбасының біреуі бала сүйе алмай жүрген болса, жас жеткіншектердің қателікпен жүкті болып, баласын жәшікке тастап кетуі жаныма қатты батады. Бұл еңбекті сол жас аналарға сабақ болсын деген ниетпен жазған жайым бар. Бұл бақытқа қол жеткізу біреуге ерте, біреуге кеш, енді біріне мүлдем бұйырмауы мүмкін. Бәрі де Жаратқанның қолында. Дегенмен, нағыз әйел бақыты – ана бақыты екенін түсінсе екен деймін .

‒ Кітап тек қыз-келіншектер аудиториясына арналған деп айта аламыз ба? Әлде жалпы қазақ тілді оқырманға арналып жазылған ба? Кітап мазмұнын, оқырманға пайдасын кеңірек әңгімелеңізші…

     ‒ Қазақ тілді қыз-келіншектер аудиториясына арналған. Бұл кітаптың бір ерекшелігі қыз-келіншектер қойын дәптері ретінде де үнемі өзімен бірге ала жүруіне мүмкіндік қарастырылған. Олай дейтінім, «Жүктіліктің 40 аптасы. Даму. Сезім» атты тарауда барша жүктілікті жоспарлап немесе жүкті аналарға өзінің жүктілігі мен дамуы, әсері мен сезімін де жаза жүрсін деп мақсатпен бос жолақ қалдырдық. Осы арқылы оқырмандарыммен жақынырақ болғым келді.

   Кітап тілі ұғынықты, түсінікті, оқуға жеңіл. Байқасаңыз, медицина тілінде ақпараттардың көбі түсініксіз әрі қабылдауға қиындық тудырып жатады. Ал бұл туындыны кез-келген оқырман ұға алатындай жазып шықтым.

Көп жас отбасыларды алаңдататыны – бедеулік мәселесі. Медицинада 1 жылға дейін арада бала болмаса, ол отбасы «бедеу» отбасы саналады. Осы тақырыпты зерттеуіме өзімнің басымдағы жағдай да сеп болды. Бұл проблемамен күнделікті кезігетін қаншама жанұя бар, сол жас отау иелеріне ақпараттық тұрғыда да көмек болсын деген мақсатта жазылды. Мазмұнын тарқатып айтсам, мұнды жүктілікті жоспарлау, бедеуліктің салдары, оның жеңу, жүктілік кезеңі, босану процесі, ана бақытына ие болу сәті, 1 жасқа дейінгі баланың физиологиялық дамуы сипатталған. Ақпараттар тек медициналық тұрғыда тарқатылмаған, өзімнің өмірлік тәжірибеммен сабақтастыра отыра жазылған. Сол себепті туындының атауы – «Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері».

      ‒ Кітабыңыздың ең бірінші оқырманы жолдасыңыз екенін айтыпсыз бір сұхбатыңызда. Отбасында ер адам үнемі жарын қолдап,  үйлесім табу үшін нені ескеру керек? Жас отбасыларға өз тәжірибеңізден кеңес айта отырсаңыз…

   ‒ Иә, кітабымның алғашқы оқырманы да, қолдаушым да – жолдасым. Шыны керек, ол кісі бұл бастаманы алғаш қолға аламын дегенде қолдай қойған жоқ, рұқсатын да берген жоқ. Күйеуінің разылығын алмай жаңа іске бел бумаған қазақтың қыз-келіншектері емеспіз бе?! Жарайды деп іштей армандадым да қоя салдым. Бірақ біраз уақыт өте келе жолдасым қолдайтынын айтты. Сол сәттен бастап арманыма бір қадам жақындағандай болдым. Өйткені екінші жартыңның демеуі бәрінен де маңызды.

«Бақыт – дегенің жарыңның жанарында». Бұл қанатты сөз әрбір қазақтың отбасында ұранға айналуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені бақыттың бастауы, отбасының үйлесімділігі ер мен әйелдің бір-бірін сөзсіз түсініп, жанары мен қабағынан-ақ ұғынуы дер едім. Кез келген жетістікке жеткен ер адамның артында дана әйел тұратыны секілді, отбасымен қатар шығармашылық, рухани тұрғыда дамып, жетілген келіншектің артында жолдасының қолдауы мен жарына сенімі тұрады.

Жас отбасыларға кеңес айтатындай, мен психолог та емеспін, отбасылық өмірде жиған тәжірибем де көп емес. Дегенмен өмірдің өзі тәрбиелеп, бір сүрініп, бір құлап, қайта тұруымызға сабақ болып келеді. Отбасылық өмірдің қиындығы да, жауапкерлішігі де жоқ емес. Бастысы, екі жартының бір-біріне деген сенімі мен сыйластығы, армандарының ортақ болуы деп ойлаймын.

  ‒ Кітапты жазу барысында қалай іздендіңіз, қандай әдебиеттер пайдаландыңыз? Қазір отбасы тақырыбына арналған мотивациялық бағыттағы кітаптар саны басым. Сіздің туындыңыздың басты ерекшелігі қандай?

 ‒   Кітап жазу оңай дүние емес. Оған бұл істі қолға алғанымнан бастап көз жеткізіп келемін. Біраз ізденісті, білім мен зор еңбекті талап етеді. Кітапты жазу барысында медицина мамандарымен пікірлесе отырып, пайдалы ақпараттарды көбірек қостым. Бұл кітаптың ерекшелігі де осында. Қазақ тілді жас аналарға арналған кітаптардың жоқтың қасы екенін ескере келе, орыс тілді аудиторияға арналған ақпараттардың басым бөлігіне аударма жасадым.

Рас, қазіргі таңда отбасы тақырыбында мотивациялық бағыттағы кітаптардың саны өте көп. Бұл бағыттағы кітаптарды сынамаймын да, жай керегін алып, керек емесін елемеуге тырысамын. Олардың басым бөлігі ‒ шетел жазушылары ұсынған немесе олар жазған кітаптардың аудармасынан туындаған еңбек. Мұндай кітаптарда қазақылықтың иісі де, ұлтымызға тән құндылықтар мен менталитетімізге сай келмейтін дағдылар баяндалған болуы мүмкін. Сол себепті көбінесе қазақ тілді аудиторияға арналған, қазақ жазушылары жазған еңбектерді көбірек оқуға тырысамын. Қанша дегенмен, қазақ тілді кітаптардан менталитетімізден ауытқушылық, ұлтымызға тән ұлық қасиеттерден арылушылық байқалмайды да.

Менің кітабымда қазақтың жас аналарына арналған мазмұнды да маңызды ақпарат мол, әр ана өзімен бірге үнемі қалтасында ала жүретін қойын дәптер іспетті.

 ‒ «Әйел бақыты. Әсияның әңгімелері» оқырманға жол тартқалы бір апта уақыт өткен екен. Оқырман тырнақалды туындыны қалай қабылдады?

 ‒ Оқырмандардың қабылдауы жаман емес. Медицина маманы болмасам да, бұл бағыттағы еңбекті жазып шыққаныма оң баға берді.

Әрі гинеколог, әрі педиатр мамандардың тарапынан айтылатын ақпараттардың бір кітапта баяндалуы жас аналар үшін құнды дүние екенін естіп, еңбегімнің шын мәнінде ақталғанына қуандым. Мұның өзі бір бақыт. Мен үшін ең маңыздысы ‒  оқырмандарымның бағасы, ыстық ықыласы пен кітаптың өмірлік қажетіне жаратуы.

  ‒ Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!