Ерте, ерте, ертеде  Ақылбай қарт пен Күміскүл әженің Ақтан деген  немересі өте алғыр, зерек бала болып өсіпті. Ақылбай ақсақал сойылған қойдың асықтарын жинақтап, жетіге келгенде  немересіне:

– Балам, бұл асық. Қазақтың ұлттық ойыны. Ал бұл сақа деп ішінен  үлкендеу асықты көрсетті. Күнделікті атасымен асық ойнап үйренген бала алшы, тәйке, бүк, шік түскен асықтармен ойнауды мықты меңгеріп алады.

Кезекті бір ойынында қолындағы сақаға тіл бітіп Ақтанға  былай депті:

– Ақтан, сен өте зерексің. Мен саған адал қызмет етемін, барлық бәйгеден оза шабатын боласың. Бірақ мен туралы ешкімге тіс жарма, күнде кешке мені  қой қорадағы бұрышқа іліп  қоятын бол. Таң ата мені   асықтарға әкеліп қосарсың, – деді.

Есін жия алмай отырған Ақтан түк түсінбеген күйі басын изей берді. Ақтан ешкімге айтпа деген сақаның сөзінен соң не істерін білмей, атасының жанына барып,  айтайын десе қорқып, көпке дейін мазасызданған күй кешіп отырды.

Кеш болды.  Ақтанға ой келді. Сақа  неге сөйлейді, өтірік болар. Мен асық ойынына қатты берілгенім соншалық,  құлағыма әлдебір дауыстар келетін болған ба, деп  ұйқыға кетті. Ертеңіне қой бағып жүріп, асық ойнап жүрген балалармен бірге Ақтан да ойынға кірісті. Күнделікті ауыл балаларының асығын ұтып, жеңіске жетіп жүрген Ақтанның  бүгін жолы болмады. Бірталай асығынан  айырылып қалған Ақтан балаларға ренжіген кейіп танытып, ойыннан шығып, көзіне келген жасты сығып алды.

Бір кезде «Ақтан, мен саған не дедім. Неге менің айтқан уәжімді орындама­дың?» деген дауыс келді. Орнынан ұшып тұрған Ақтан «Сақа айтшы , сен шынымен сөйлейсің бе?» деді.

– Иә, мен сиқырлы сақамын. Саған адал қызмет етемін. Бірақ менің шартымды орындап отыр, –  деді.

Содан бастап күнде кешкілік сақаны қой қора бұрышына байлап, таңертең асықтармен бірге қойып, күннен күнге жетістігі молайып, ауылдағы Ақтан нағыз мерген деген атаққа ие болып жүрді.

Жанына жүрген Берік деген көршісі Ақтанның жетістігін көре алмай, Ақтанның құпиясын ашуға сыр тартып, әрбір әрекетін аңдып жүрді.

Кезекті бір ойында Ақтанның  сақамен сөйлесіп тұрғанын сезіп қалған Берік кешкілік уақытта аңдып жүріп, қораға іліп қойған сақаны қолға түсіреді. Таңертең қораға барған Ақтан сақаны орнынан таба алмай, есеңгіреп қалады. Асық ойнайын десе,  сақасын таба алмай, іздеуге көшеді.

Берік сақаны қолына түсірген уақытта  қуанышында шек болмай, шаруа бітіргендей риза болады. Бірақ сақамен ойнайын десе, барлық балалар Ақтанның  асығын  таниды, балалар арасында ұры атанып, мазақ болармын деген ой мазалап, Ақтанның үйіне қарай жол тартады.

– Ақтан, мен сенің алдыңда ұяттымын.  Сенің қолыңдағы сақаға қызығып, қасиеті бар екенін аңғарып, ұрлап алғанмын. Бірақ қалай асықты қолыма ұстасам, құлағыма «Ұрлық – түбі қорлық» деген дауыс келіп, қолым сырқырап, қатты мазасызданып кететін болдым. Мені кешірші, мен ісімнің дұрыс емес екенін түсіндім, – деді.

Ақтан асығын қуана қолына алып, Берікке ренжімеген күйім, балалармен асық ойнауға  жүгіріп кетті. Беріктің асықты қайтарған кезден бастап қолының ауырғаны басылып, құлағына дауыс келу де тыйылды. Жаны жай тауып, бір рахат сезімге бөлене отырып, қасиетті сақаға алғыс айтып, мені жаман әдеттен арылтқаныңа рақмет деді.

Аяулым ҚУАНТҚАНОВА,

№2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы