Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен. Бір күні  Сая мен Майя деген сұлу қыздар болыпты. Сая өте пысық, мейірімді, ал Майя қырсық, ерке, бірақ ақылды болады. Бірде екеуі есік алдына ойнауға шығып, серуендеп жүреді. Құстарға жем шашады, мектепте еңбек пәнінен жасаған ұясын ағаш басына іліп, таң тамаша болып жүреді. Кішкентай Майя зеріксе керек, Саяға:

– Жүр, екеуміз орманға барып, саңырауқұлақ терейік. Онда көбелек көп, бір жағынан анамызға гүл әкелеміз, – деп ұсыныс айтады. Сая алғашында қорыққанымен, сіңлісінің көңілін қалдырмауды ұйғарады.

     Осылайша қос қыз орманға барады. Орман іші жап-жасыл, құдды бір жұмақ дерсің. Аңқыған хош иіс, жайнаған түрлі-түсті гүлдер. Шіркін-ай көздің жауын алады. Екеуі көбелек қуып, ойнап жүреді. Кенет аспанда қара бұлт пайда болады. Күн күркіреп, жаңбыр жауады. Айналаны қараңғы басып, қорқынышты дыбыс естіле бастайды. Найзағай ойнап, қатты құйын тұрады. Майя қорқып, жылап жібереді.

Жан-жақтан найзағай жарқ-жұрқ етіп, Майя жарық шыққан жаққа қарай жүгіріп кетеді. Сая сасқалақтап:

– Мая, Мая, тоқта, бері кел, қорықпа, –  деп сіңлісіне қарай жүгірген екен. Сая жүгіріп келе жатып ағаш тамырына жығылып, құлап қалады.

Орнынан тұрса, орман іші жым-жырт тыныш. Сіңлісін шарқ ұрып, орманды кезіп іздегенімен, таппай дал болады. Амалы таусылып, шаршаған Сая бір кәрі еменнің көлеңкесіне отыра қалады. Сәлден соң жаңбырдың жауғаны басылып , күн ашылады.

– Орманға қайдан ғана келдік. Енді Майяны қайдан табамын. О, Жаратқан, бізге жәрдем бере гөр, – деп дұға етеді.

Сол кезде еменнің төбесінен торғайдың шиқылдаған дыбысы естіледі. Ол бір құдды жол көрсеткендей артына қарайлап ұшады. Саяда бір нәрсені түсінгендей орнынан атып тұрып, торғайға ілесе жөнелген. Торғай оны қорқынышты қамалға алып келеді.

Сая бұл Мыстан кемпірдің үйі екенін сөзсіз түсінді. Аяғын бәсең басып, баспалдақпен жоғары көтеріліп, есіктен сығаласа:

–Ха-ха-ха, ақымақ қыз, орманға жалғыз келіп нең бар еді?! Көптен бері жасарып, сұлу болғым келіп жүр еді. Дәл уақытында келдің. Әйтпесе әл дәрменім құрып, ауыра беремін. Сенің жаныңды алып, жасарып алсам, мәңгілік зұлымдық патшайымы боламын, –  деп әндете үлкен қазанды будақтатып, ожаумен араластырып тұр екен.

Ал кішкентай Мая қолы-аяғы байлаулы, үстелде отыр. Бір кезде Маяның көзі есікке түсіп, Сая деп жылап жібереді.  Мыстан кемпір арқанын лақтырып, Саяны шап беріп ұстап алып, байлап қояды.

 – О, бүгін қандай керемет күн. Сірә, меннен бақытты жан болмас, – деп қатты қуанады.

Мыстан екеуін орнынан тұрғызып:

– Ал сүйкімді арулар, көздеріңді жұмыңдар, – деп, екеуін қазанға салуға оқталады. Кенет үйдің іші сатырлап:

– Оның бола қоймас, жауыз мыстан, – деп алып бүркіт кіріп келіп, мыстанның өзін қазанға итеріп құлатады.

Сөйтсе бағанағы кішкентай торғай көмекке орман сақшысы бүркітті шақырған екен.  Қос қыз бүркітке алғыс айтады.

       – Достар, сендерге көп рақмет. Сендер болмасаңдар мыстан Майя екеуміздің жанымызды алатын еді, – дейді  көздері мөлтілдеп.

Сонда Торғайға тіл бітіп:

       – Сендерді орманға келген сәттен аңдып, еріп келемін. Қауіп төнерін сездім. Сендер сондай жақсысыңдар, мейірімді, жанашырсыңдар. Көктемде пана іздеп, балапандарымды қайда орналастырамын деп қам жегенде ұя жасап қамқор болдыңдар. Күнде балапандарыма азық, дән бересіңдер. Бұл – жақсылықтарыңның қайтарымы. Сендердей қамқоршыдан айырылғым келмейді» – дейді.

Сонда бүркіт:

– Қыздар, орманға жалғыз келу қауіпті. Ойнайтын жер емес. Кеш батпай үйлеріңе жетіп алыңдар, – дейді.

Торғай:

– «Ендеше қайтайық, жүріңдер. Мен сендерді адастырмай үйге алып барамын. Мені де балапандарым күтіп қалған болар, – дейді.

Осы оқиға қыздарға үлкен сабақ болды. Жақсылықтың аяқ асты қалмайтынын, бір күні өзіңе шапағаты тиетінін түсінді. Екеуі есейіп, қырсық, қыңырлықты тастап, тек жақсылық жасап жарысып, оны ылғи дәріптеп жүруді әдетке айналдырады. Ерте көктеммен ұя жасап, достары торғайды тағатсыздана күтеді.

Жаннұр ҚОМБАЙ,

5 мектеп-лицейінің оқушысы