Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі
Адам өмірі мен оның саулығы – кез келген мемлекеттің ең басты байлығы. Елімізде қолданысқа енген жаңа Конституция дәл осы қағиданы негізге ала отырып, отандық медицинаның дамуын жаңа белеске көтерді. Ендігі жерде әрбір азаматтың сапалы ем алуы мен денсаулығын қорғауы – заңмен шегеленген құқық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде атап өткендей, бұл реформалар – ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, мемлекеттік институттарды түбегейлі жаңғырудың бастауы. Ал халық үшін бұл өзгерістердің жемісі ең алдымен күнделікті тұрмыс сапасы мен медициналық көмектің қолжетімділігінен көрініс таппақ.
Ең басты жаңалық – бұдан былай әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарға базалық медициналық көмектің кеңейтілген көлемі кепілдендіріледі. Яғни, ешбір қазақстандық медициналық көмектен тыс қалмайды. Сондай-ақ саланың қаржылық базасы кеңейіп, емханалар мен ауруханалардың тұрақты жұмыс істеуіне құқықтық негіз қаланды.
Жақында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында бас қосқан белгілі медицина мамандары бұл реформаның қарапайым халыққа берер игілігін атап өтті. Көпбейінді облыстық аурухананың нейрохирург дәрігері Шынжырбай Оразмаханұлының айтуынша, жаңа заң жүйенің бағытын ем іздеуден аурудың алдын алуға қарай бұрды.
– Конституция профилактикаға, қоғамдық денсаулықты сақтауға басымдық берілуі аудың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмысты күшейтеді. Бұл тек дәрігерлердің ғана емес, әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, – деді ол.
Ал кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі дәрігер Берік Дәуітбаев жаңа өзгерістердің күрделі оталар мен жоғары технологиялық медицинаға жол ашатынын мақтанышпен жеткізді.
– Қаржыландыру көздерінің әртараптандырылуы бізге заманауи технологияларды тезірек енгізуге мүмкіндік береді. Осының арқасында ең күрделі оталардың өзі қолжетімді болып, сапасы артады. Сонымен бірге ана мен баланы қорғау, отбасы институтын қолдау және медицина ғылымын дамытуға басымдық берілуі қоғам денсаулығын нығайтудың маңызды кепілі, – дейді кардиохирург.
Ата заң аясында атқарылып жатқан бетбұрыс денсаулық сақтау саласын алға сүйрейтін қуатты серпін болмақ. Оның түпкі нәтижесі – әрбір қазақстандықтың ұзақ, сапалы әрі белсенді өмір сүруін қамтамасыз ету.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!