Sputnik. Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты – балаларды жолдағы қауіптен қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру.
«Оқу жылы басталар алдында мектептер мен білім беру ұйымдарының маңында бақылау күшейтіледі. Полицияның міндеті – балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырады. Әсіресе, балалардың жолға күтпеген жерден шығып қалуы мүмкін екенін әрдайым ескерудің маңызы зор», – деп жазылған хабарламада.
Қазіргі уақытта мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар мектеп автобустары мен балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігі де бақылауға алынған.
Тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының жол инфрақұрылымына қатысты 548 нұсқама берілді.
ІІМ ата-аналарды балаларға қауіпсіздік ережелерін күн сайын еске салып отыруға шақырады. Балаларға мектепте, көшеде, қоғамдық көлікте және интернетте қауіпсіздік талаптарын сақтауды үйретудің маңызы зор, дейді министрлікте.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
