АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округінің федералдық соты Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де елдердің азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтата тұру туралы шешімді заңсыз деп таныды. 21 тамызда шығарылған сот шешіміне сәйкес, аталған шектеулердің күші жойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Судья Жаннетт Варгастың мәлімдеуінше, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мұндай шектеу енгізу арқылы өз өкілеттігін асыра пайдаланған. Сот виза беруді өтініш иесінің азаматтығына ғана сүйеніп тоқтатуды АҚШ-тың көші-қон заңнамасына қайшы келеді деп тапты.
Еске сала кетейік, биылғы қаңтар айында АҚШ Мемлекеттік департаменті 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза рәсімдеуді тоқтатқан еді. Бұған өтініш берушілердің АҚШ-та мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмекке тәуелді болып қалу қаупі себеп ретінде көрсетілген. Бұл шектеу 21 қаңтарда күшіне еніп, тек тұрақты тұруға мүмкіндік беретін визаларға қатысты болды, ал туристік, іскерлік және студенттік визаларға қолданылған жоқ.
Сот даулы тәртіпке ғана сүйеніп қабылданған визадан бас тарту шешімдерінің де күшін жойды. Мұндай өтініштер енді жеке-жеке қайта қаралуға тиіс. Алайда сот шешімі визаның автоматты түрде берілуін білдірмейді, билік заңда көзделген басқа негіздер бойынша виза беруден бас тарта алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
