Қазақстанда таяу уақытта ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай қымбаттамайды. Бұл жөнінде Үкімет кулуарында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ішкі нарықта ет бағасының күрт өсуі байқалмайды, қайта өткен аптамен салыстырғанда сүйекті сиыр еті 0,6%-ға, ал премиум санаттағы ет жұмсағы 0,3%-ға арзандаған. Бұған дейін бағаны тұрақтандыру мақсатында аналық малды сыртқа шығаруға шектеу мен ет экспортына квота енгізілген, бұл өз кезегінде оң нәтижесін беріп отыр. Дегенмен, маусымаралық кезеңде жем-шөптің, соның ішінде бидай мен арпаның қымбаттауына байланысты ет бағасы сәл өсуі мүмкін, бірақ министрлік қазірше оған ешқандай алғышарт көріп тұрған жоқ.

«Баға 3800 теңге болған, қазір 3700-ден асады. Біз өз уақытында ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін қажетті шараларды қабылдадық. Аналық мал басын сыртқа шығаруға шектеу мен сыртқы нарыққа ет шығаруға квота енгіздік. Эффект бар», – деді Азат Сұлтанов.

Брифинг барысында вице-министр базарларда сатушылардың тек еттің жұмсағын ғана сатудан бас тартып, тұтынушыларды сүйекпен бірге алуға мәжбүрлейтін жағдайларға қатысты да түсініктеме берді. Ол өзінің де базардан ет алғанда осындай жағдайға тап болғанын жасырмады. Азат Сұлтанов мұндай заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда Сауда және интеграция министрлігі мен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне хабарласу қажеттігін ескертті.

«Мен де бұған тап болдым. Өзім ет, қой етін сатып алғанмын. Дәл сол кезде тек жамбас бөлігін алғымыз келген еді, бірақ сатушылар сүйегін де қосып берді. Оларға тек жұмсағын сату тиімсіз, сондықтан ұсынды. Енді қайда барасың, алдық. Мұндай жағдайлар бар. Бірақ біз бұл туралы Сауда министрлігін ақпараттандырдық», – деп түсіндірді шенеунік.

Қазіргі уақытта еліміздегі барлық базарларда сатып алушылар шағымдана алатын сенім телефондары жазылған стендтер орнатылған. Министрлік өкілі сатушылар тарапынан құқық бұзушылықтар орын алса, оны фото немесе видеоға түсіріп, айғақ ретінде ұсынуға болатынын айтып қорытындылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!