SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан азаматтары үшін Индонезияға визасыз кіру тәртібі күшіне енді. Енді қазақстандықтар бұл елде 30 күнге дейін визасыз бола алады. Бұған дейін елге кірген кезде рәсімделетін визаның құны 33 доллар болған.

Жаңа ереже 11 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес Қазақстан азаматтары Индонезияға алдын ала немесе әуежайда виза рәсімдемей-ақ кіре алады. Дегенмен елге келушілер үшін электрондық Arrival Card (келу картасын) толтыру міндетті болып қала береді.

Сонымен қатар Сингапурда тұрақты тұруға рұқсаты бар шетел азаматтарына да белгілі өткізу бекеттері арқылы жеңілдетілген тәртіппен кіруге мүмкіндік берілген.

Индонезия билігі визасыз режимді кеңейту арқылы шетелдік туристер санын көбейтуді көздеп отыр.

Бұған дейін елдің Туризм министрлігі биыл 17,6 миллион шетелдік турист қабылдауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Визалық талаптарды жеңілдету туралы шешімге Таяу Шығыстағы қақтығыстардың салдарынан халықаралық әуе қатынасының бұзылуы да әсер еткен. Министрлік дерегінше, мамыр айының соңына дейін шамамен 1,5 мың әуе рейсі тоқтатылған.

Еуропа мен Таяу Шығыстан келетін туристер саны азайғаннан кейін Индонезия туризм саласындағы басымдықты Азия мен Океания елдеріне ауыстырды. Осы саясат аясында Қазақстанды қоса алғанда бірқатар мемлекет азаматтарына визасыз кіру мүмкіндігі беріліп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!