Ақтөбеде туып-өскен 14 жастағы Снежанна Ли International Super Queen Korea байқауында бақ сынады.

1000 бала қатысқан халықаралық байқауда Снежанна Қазақстанның атынан жалғыз өзі шықты, деп жазады «Диапазон» басылымы.

Финалға 100 қатысушы өтті, оның ішінде қазақстандық та бар. Снежанна алтын кубок пен бір миллион вон (бұл шамамен 400 000 теңге) жеңіп алды. Сондай-ақ сән агенттігімен fashion-түсірілімдерге және дорамаларға (корей сериалдары) түсуге келісімшарт бекітті.

14 жастағы Снежаннаның отбасы үш жыл бұрын жұмыс бабымен Оңтүстік Кореяға көшкен. Қазір олар Инчхон қаласында тұрады, қыз сегізінші сыныпта оқиды.

Ол төрт тілді жетік біледі, ән айтады және би билейді. Байқауда Снежанна қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне баса мән берді. Жасөспірім қыздың тілге деген махаббатын сүйікті әжесі оятқан.

Қазақтың ұлттық көйлегіне, бірнеше тілде сөйлеуі мен «Қамажай» биіне тәнті болған әділ қазылар алқасы бірауыздан Снежаннаға дауыс берді.

Айта кетері, оған ұлттық стильдегі көйлектерді қазақстандық дизайнер Динара Қошқарбаева арнайы тапсырыспен тіккен.

«Байқау толығымен корей тілінде өтті. Снежаннаның өзін корей тілінде таныстырып, барлық сұраққа жауап беруі әділ қазыларды қатты таңғалдырды. Ол тілді екі жыл ішінде үйреніп алды, қазір еркін сөйлейді», – дейді жеңімпаздың анасы Гүлнұр Ахметова.

Қазылар алқасы балалардың өзін таныстыруына, сыртқы келбетіне, шығармашылық қабілеті мен киіміне баға берді.

Снежанна – волонтер, шетелдік балаларға корей тілін үйренуге көмектеседі.

Қыз төрт жасынан ән айтады және би билейді, қазір оның сүйікті ісі – торт пісіру.

«Ол Ақтөбеде өскендіктен, мұның бәріне оны біздің Гүл әжеміз үйретті. Ол немересіне бауырсақ пен бешбармақты жиі пісіретін. Снежанна сол күндерді үнемі еске алады, әжесін де қатты сағынады. Біздің интернационалдық отбасымызда мен, күйеуім және біздің тамаша екі қызымыз – Снежанна мен Милана қазақ, корей және орыс тілдерінде еркін сөйлейміз», – деді Снежаннаның анасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!