Израильдің оңтүстігіндегі Кциот түрмесінің бір корпусында арнайы ор қазу жұмыстары басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл жерде ХАМАС қозғалысының мүшелері мен қауіпсіздікке қатысты істер бойынша сотталған өзге де палестиналық тұтқындар жазасын өтеп жатыр. 

Ynet пен The Times of Israel басылымдары құрылыс жұмыстары осы кездің өзінде басталғанын жазады. Жобаның іске асқанын Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрлігі растады.

Жобаның бастамашысы – Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир. Оның жоспарына сай, Ніл қолтырауындары жіберілетін орлар – түрмеден қашудың алдын алатын қосымша қорғаныс құралы әрі тұтқындарға психологиялық әсер ету тәсілі. 

Орларды салуға 21 млн шекель (шамамен 3,3 млрд теңге) бөлінген.

– Мұны әзіл деп ойлағандар қателесті, – деп мәлімдеді жауапты мекеме өкілдері. 

Жергілікті биліктің хабарлауынша, ор түрме аумағының ішінде салынып жатыр және сырттан көрінбейді. Ұлттық қауіпсіздік министрлігі қолтырауындарды күтіп-бағу мен ұстаудың егжей-тегжейлі жоспары әзірленгенін мәлімдеді.

Бауырымен жорғалаушылар орналастырылатын ордың ұзындығы шамамен 170 метр болмақ.

Бұл бастама Израильдің Табиғат және ұлттық парктер басқармасының сынына ұшырады. Мамандар «қолтырауындарды түрме күзетінің бір бөлігі ретінде пайдаланудың ғылыми әрі кәсіби негізі жоқ» деп отыр.

Негізінен, Ніл қолтырауындары тарихи тұрғыда қазіргі Израиль аумағында мекендесе де, XX ғасырдың басында табиғаттан жойылып кеткен еді. Қазір бұл жыртқыштар тек арнайы фермалар мен хайуанаттар бақтарында ғана тіршілік етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!