«Өмірдің бір қызығы – бала деген», – деп айтып кеткен Абай тәмсілі бүгінгі заманның өзекті мәселесін көрсетіп отыр. Бір шаңырақ астына бас қосып, өз алдына бөлек отау құрған екі жастың ендігі арманы – бала сүю, артынан ұрпақ қалдыру екені анық. Одан бөлек, қазақи менталитетіміз жас отбасыдан жас иісті күтеді. Елімізде жас сәбидің былдырлаған үні мен сыңғырлаған күлкісін зарыға аңсап жүрген қаншама отбасы бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір алтыншы жұп сәби сүйе алмайды екен. Сәйкесінше, еліміздегі ажырасулардың бірден-бір себебі де осы бала сүйе алмау мәселесі болып отыр.

Бүгінгі таңда елімізде қоғам дертіне айналған өзекті мәселені шешу мақсатында құрылған 20-дан астам экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтары жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі жекеменшік мекемелер. Халыққа қолжетімді екінші мүмкіндік беру мақсатында былтыр, яғни 2021 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұйрығымен «Аңсаған сәби» атты ЭКО бағдарлама іске қосылды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бөлген ЭКО квота саны осыған дейін өзге экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтары бөліп жүрген квота санымен салыстырғанда 7 есеге дейін өсті. Яғни, осыған дейін жылына мыңнан астам әйел тегін квотаға ие болып келсе, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жылына 7 мың отбасы ЭКО квота арқылы бала сүю мүмкіндігіне ие бола алады. Іске қосылғанына көп уақыт өтпесе де, жаңа бағдарламаның жемісті көрсеткіштері көп күттірген жоқ. Бөлінген әрбір квота текке кетпеді. Мәселен, 2021 жылы еліміздің солтүстік өңіріне бөлінген 217 квотаны иеленген әйелдердің ішінде 110 әйел оң нәтижеге қол жеткізді. Биылғы жылдың өзінде бұл өңірде аталмыш бағдарлама квотасы арқылы 40-тан астам сәби дүниеге келіп үлгерді.  «Аңсаған сәби» бағдарламасының ЭКО квотасына кез келген бала сүйе алмай жүрген заңды және азаматтық некедегі жұптар мен жалғызбасты әйелдер өтініш білдіре алады.

Әрбір ата-ана өміріне мән кіргізер сәби иісін сүюге құқылы. Денсаулық жағдайына байланысты бала сүйе алмайтын жұптар үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы таптырмас әрі қолжетімді мүмкіндік. Лайым қазақтың әрбір шаңырағынан баланың күлкісі үзілмесін!

Інжу Жақсылық,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!