TikTok-та оқушылардың мұғалімдерін өзінше «бағалайтын» жаңа тренді танымал болып келеді. Әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде де осындай видеолар тарала бастады, деп хабарлайды Tengri Education тілшісі.
Вирустық трендтің мәні неде?
Пайдаланушылар педагогтердің суреттері бар роликтер жариялайды – көбінесе бұл ресми мектеп фотосессияларынан алынған суреттер. Видеоның үстіне «Өте оғаш істер» (Stranger Things) сериалындағы кейіпкерлердің дауыстары бар аудиожол қойылады, онда кейіпкерлердің есімдері ағылшын тілінде аталып, олардың арасында орыс тіліндегі дөрекі әрі былапыт сөздер естіледі.
Мұндай видеолардың мәні өте қарапайым: бейтарап сөздер мен есімдер айтылған кезде кадрда автор жақсы немесе бейтарап көзқарастағы мұғалімдер көрсетіледі. Ал былапыт сөздері бар үзінділерде – оқушының ашуын тудыратын немесе көңілі толмайтын мұғалімдер көрсетіледі.
Бұл неліктен дау тудырып жатыр?
Осылайша жасөспірімдер танымал аудиотрендті оқытушылар туралы бейресми «пікірлер» форматына айналдырып жатыр. Бұл ретте роликке жазылған мәтінде видеода көрсетілген мұғалімдер жұмыс істейтін мектептің нөмірі жиі көрсетіледі.
Тренд танымал дыбыс пен қарапайым форматтың арқасында тез таралып жатыр. Бірақ балағат сөздердің қолданылуы мен нақты педагогтерге көпшілік алдында баға берілуіне байланысты сұрақтар туғызады.
Видеолар қазақстандық мектептерге жетті
Ал редакцияның Telegram-ботына хабарласқан оқырман мұндай видеолардың қазақстандық мектептерде де белсенді түсіріліп жатқанын айтты.
«Осыған байланысты кейбір мектептерде бақылау күшейтіле бастады – мұғалімдер мұндай видеоларды түсіру мен таратудың алдын алу үшін оқушылардың телефондарын тексереді», – деп жазды оқырман.
Оқу-ағарту министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында 2024 жылы сабақ кезінде смартфон пайдалануға тыйым салынғанын еске салды.
«Білім туралы» заңға сәйкес, оқу процесі кезінде оқушыларға ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынады, бұл ереже шұғыл жағдайларға немесе мұғалім білім беру мақсатында рұқсат берген сәттерге қолданылмайды. Әдетте, құрылғылар рюкзактарда немесе арнайы ұяшықтарда сақталуы тиіс.
Ведомство бұл шаралар балалардың денсаулығын сақтауға, сабаққа зейінін аударуды арттыруға, гаджеттерге тәуелділікті азайтуға және онлайн-буллингтің алдын алуға бағытталғанын түсіндірді.
Сонымен қатар министрлік танымал трендтер форматында жасалған аталған видеороликтерде көп жағдайда педагогтердің оқу процесінен тыс уақытта түсірілген суреттері пайдаланылатынын атап өтті.
«Әдетте, бұрын жасалған фотоматериалдар қолданылады. Сондықтан ата-аналар тарапынан жүйелі бақылаудың болуы интернет кеңістігіндегі мұндай жағымсыз құбылыстардың алдын алудың негізгі факторы болады», – деп хабарлады министрлік.
Осылайша, «Білім туралы» заңға сәйкес, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер балалардың ұялы байланыс құрылғыларын пайдалануын, сондай-ақ олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіруі мүмкін интернет-ресурстарға кіруін бақылауға міндетті.
Мұндай видеолар үшін ата-аналарға не күтіп тұр?
Оқу-ағарту министрлігі мұндай жағдайлар жауапкершілікке әкеп соқтыратынын және әкімшілік заңнама нормаларына жататынын атап өтті. Ата-аналарға балалардың цифрлық қауіпсіздігіне және олардың интернеттегі белсенділігін бақылауға ерекше көңіл бөлу ұсынылады.
Атап айтқанда, мыналар ұсынылады:
- Android үшін Family Link және iOS үшін Screen Time сияқты ата-ана бақылауы функцияларын пайдалану;
- баланың әлеуметтік желілердегі достарының тізімі мен жазылымдарын бақылау;
күмәнді есімдері, таңбалары немесе суреттері бар анонимді аккаунттарға назар аудару.
Егер мұндай әрекеттерді 12-ден 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер жасаса, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жауапты болады. Бұл жағдайда 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл сомасы 30 АЕК-ке (2026 жылы 129 750 теңге) дейін артады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
