Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары барысында Аралқұм ауылдық округі, Шөміш елді мекеніндегі «Латон-Маркет» ЖШС-ның демеушілігімен салынған әмбебап кіші спорт алаңын көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

«Балаларға тарту ретінде өңірде парктер, скверлер салынуда. Жақында ғана Жаңақорғанда меценат 750 млн.теңгеге парк салу ісіне белсене кірісті. Ал, демеушілердің қолдауымен қалада 50, аудандарда 30 балалар алаңы бой көтереді. Тағы бір жанашыр азамат 1.5 млрд.теңгеге “Анаға тағзым” алаңын салып беруге ниет білдірді. Міне, осындай шағын алаңдарды балалардың игілігі үшін табыстау үлкен игілікті іс деп санаймыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Спорт алаңында 12 жас бір мезетте ойнай алады. Аумағы 800 шаршы метрді құрайтын теміртормен қапталған алаңда 6 жарықшам қойылып, газон төселген.
Спорт алаңына келген жастар облыс әкімімен тілдесті.

Сонымен қатар, өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Аманөткел ауылдық округіне барып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

«Спорт – ел мерейін асырып, абыройын арттыратын ауқымды сала. Өңірде «Балалар жылы» аясында демеушілердің қолдауымен 80 ойын алаңы салынуда. Арал ауданында соның 5-еуі жыл аяғына дейін аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады. Бұл кешенде байрақты бәсекелерде, Олимп шыңында Көк Туымызды желбіретер даңқты спортшылар жаттығып шығарына сенімдімін! Жаңа спорт ғимараты құтты болсын»,- деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы спортпен шұғылдануға ниетті жастармен жүздесіп, пікірлесті. Мұнда бір мезетте 40 баланың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Яғни баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнай алады. Айту керек, мұндай денешынықтыру-сауықтыру кешені Жақсықылыш кенті мен Қамыстыбас елді мекенінде салынуда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!