Биылғы жылдың 31 тамызы мен 2 қыркүйек күні Байқоңыр қаласында тәртіп бұзушылық орын алды.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары оқиға барысынан тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде Байқоңыр қаласында жағдай тұрақты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы, әділет кеңесшісі Батырбек Нұрмағанбетов хабарлады.

«Байқоңыр қаласында орын алған қайғылы жағдай біздің жіті назарымызда. Жедел ақпарат бойынша оқиға өзара бөлінген аймақтар арасында келіспеушіліктер салдарынан туындаған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде аталған қылмысқа қатыстылығы бар жергілікті тұрғын анықталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу құпиясы болуына байланысты жария етуге жатпайды. Байқоңыр қаласының ерекше статусы мен ондағы орналасқан мемлекеттік органдардың өзара әрекеттесу тәртібі халықаралық шарттармен реттелген», – деді Батырбек Нұрмағанбетов.

«Аталған деректер құзырлы органдардың қатаң бақылауында. Оқиға барысын анықтау үшін бірлескен жұмыстар атқарылуда», – деп мәлімдеді облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Асхат Мұхтарұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!