Парламент сенатының депутаты Динар Нөкетаева оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында енгізген жаңашылдықтың бірқатарын сынға алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында Нөкетаева үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депуттаттық сауал жолдап, мектептердегі өзгерістердің не себепті алдын ала талқылаусыз енгізілгенін сұрады.

«Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында елімізде білім беру реформасы мемлекеттің болашақтағы даму жолдарын ескере отырып жүргізілуі қажет. Сонымен қатар реформалар мен жаңартулардың қоғам тарапынан оңай қабылдана қоймайтыны ескерілуге тиіс. Осы орайда кейінгі кезде еліміздің білім жүйесінде асығыс шешімдер жиі қабылданатыны жасырын емес. Мәселен, оқу-ағарту министрлігі өз ортасында және ата-аналармен алдын ала талқылаусыз, егжей-тегжейлі пысықтаусыз кейбір мектеп пәндері бойынша сағаттарды қысқартты», – деді сенатор.

Динар Нөкетаева жаңа оқу жылынан бастап орыс тілі мен әдебиеті және дене шынықтыру пәндері бойынша сыныпта оқушылар бұрынғыдай топтарға бөлінбейтініне назар аударды.

Мұндай шешімді министрлік қабылдағанымен, бүкіл педагогикалық қауымдастық арасында үлкен наразылық тудырды. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ол, әрине, мектеп бюджетін үнемдейтін болар. Бірақ мұғалімдер жүктемесінің төмендеуіне әкелетіні сөзсіз. Мұндай үнемдеу қандай қажеттіліктен туындап отыр?, – деді Нөкетаева.

Сондай-ақ сенатор дене шынықтыру пәні сабағында оқушыларды гендерлік белгісі бойынша топтарға бөлмеуге қатысты да айтты.

«Орта және жоғары сыныптарда оқушыларды дене шынықтыру пәнінде гендерлік белгісі бойынша топтарға бөлмей, аралас оқыту ғылыми орта мен тәуелсіз сарапшылармен талқыланбай, оқу процесіне енгізілді. Бұл жерде гендерлік бөліну мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарау керек. Яғни, ұлдар мен қыздардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет еді. Тіпті олимпиада мен спартакиада, сондай-ақ спорттық ойындарда аралас командалар жоқ. Себебі бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы келеді. Бұған елімізде бұқаралық спорттың дамуына жауапты министрліктің пікірі қандай?», – деді Нөкетаева.

Депутат бұған дейін дене шынықтыру пәні мұғалімдері бұл шешімді өзгертуді сұрап, президентке ашық хат жазғанын да айтып өтті.

Бұл келіспеушілікті түсінуге де болады. Себебі енгізілген жаңашылдық педагогтер табысының төмендеуіне алып келді. Мәселен, бұрын қала мектебінде жұмыс істейтін дене шынықтыру пәні мұғалімінде аптасына 24-27 сағат жүктеме болса (яғни, 1,5-2 ставка, өңірлерде 1 ставка), қазір ол 17 сағатқа дейін төмендеген. Дене шынықтыру пәні мұғалімі аптасына орташа 16 сағат базалық мөлшерлемемен жұмыс істейді. Үстемақыны есептемегенде айына 95 мың теңге ғана табады. Бұл жағдай мұғалімдерге қосымша жұмыс істеуді қажет етеді, – дейді ол.

Сондай-ақ мұғалімдердің окладтық жүйеге көшкеніне қатысты сауал қойды.

«Биыл оқу жылынан бастап мұғалімдер окладтық жүйеге көшіп отыр. Бұған қатысты да сұрақтар бар. Мәселен, ставкалық еңбекақы төлеуде мұғалім өзінің күнделікті жүктемесін атқарған соң мектептегі жұмысын аяқтайтын. Бос уақытын өзінің біліктілігін арттыруға және т.б. мәселеге арнайтын. Енді 8 сағатты мектеп қабырғасында өткізуге мәжбүр болып отыр. Бұл жүйе 2-3 ауысымды мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерге қаншалықты тиімді?», – дейді сенатор.

Сондай-ақ сенатор дене шынықтыру пәніне қатысты өзгерісті Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп шешуге тиіс екенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!