Салалық қауымдастық мектептегі тамақ өнеркәсібінің кәсіпкерлері оқу орындарының асханаларындағы тағамдардың бағасы мен ассортиментін реттеуге қарсы болғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Кәсіпкерлер Білім министрлігінің тамыз айында мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру ережесіне енгізген түзетулеріне наразы болды. Түзетуде тағамдар, буфет өнімдері, сусындар, бөтелкедегі су конкурстық құжаттамаға техникалық тапсырмаға сәйкес сатылуы керек болған. Яғни, жеткізуші конкурстық құжаттамада көрсетілген өнімді мектепке өткізуі керек. Ал бағасы нарықтағы орташа деңгейден жоғары болмауы шарт. 

Алайда бизнес өкілдері бұл талаптарға қарсылықтарын айтты.

«Мектеп асханасындағы өнімдер мен ас ассортиментінің бағасын реттеу Кәсіпкерлік кодекске тікелей қайшы келеді», – деді қауымдастықтың вице-президенті Салтанат Лесбаева.

Кәсіпкерлер азық-түлік бағасының тез өсуіне наразылықтарын білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баға белгілеуге мемлекеттің кезең-кезеңімен араласуын тоқтату туралы тапсырмасына назар аударуды сұрауда. Қауымдастық бизнес-омбудсмен мен бас прокурорға жағдайды қарап, прокурорлық ықпал ету шараларын қолдануды сұрап жүгінді.

Еске салсақ, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі тамақтандыру жүйесін сынға ала отырып, келер жылдан бастап мектеп асханаларында бағаның төмендейтінін айтқан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!