Ертең, 28 тамыз – Құрылтайдың бірінші сессиясы. Президент Жарлығы бойынша көптен күткен бұл жиын Астана қаласында болады. Сарыарқаның сайын даласының төрінде, Есілдің ерке қаласы қазақы жиын – Құрылтайдың куәсі болғалы тұр.

Құрылтай дегенде, бұл ұғымның түркі халықтарына ортақ әрі маңызы жоғары екенін еске салған жөн. Қазақ хандығы кезінде аса маңызды мәселелерді шешетін үлкен жиын болған. Тарих беттерінде Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасы құрылтайы деген оқиғалар бар.

Тәуелсіз қазақ жерінде 1992 жылы қазақтардың бірінші дүниежүзілік құрылтайы өткені мәлім. Алыс-жақын шет елден, барлығы 33 мемлекеттен 800-ден астам адам қатысқан бұл жиын ақбасты Алатау баурайындағы Алматы қаласында өткен. Бұл жерде де елдік мәселелер көтеріліп, ұлттық мүдде қозғалды. Байқасаңыз, құрылтай әу бастан салмақты жиын екені мәлім. Енді екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға ауысқандағы мақсатымыз да – сол. Ұлттың мәселесі мінберде көтеріліп, қазақтың жарқын болашағына бағыт алсақ, жарасар…

Алтай мен Атырау арасынан елдік мәселелерді көтеріп, халықтың мұңын тыңдаймыз деп үміт арқалаған 145 депутат бес жыл мерзімге барады. Онда да жеке емес, кешегі сайлауға түскен партиялық тізім бойынша халық қалаулысы атанбақ.

Иә, Құрылтай сайлауында елде 9 жарым миллион азамат таңдау жасағанын айтады дереккөз. Яғни, Қазақстанда дауыс беруге құқылы 12,5 миллион адам болса, соның 74 пайыздан астамы сайлауға қатысқан. Бұл науқанда да Сырдағы сырбаз ел белсенділік танытып, көш басына шықтық. Елімізде барлығы 10 343 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Шетелдегі отандастарымыз да шет қалмады. Олар үшін әлемнің 61 елінде 79 сайлау учаскесі ашылды. Бұл учаскелерде дауыс беруге құқылы 11 мыңнан астам адамның 9 623-і азаматтық ұстанымын білдірді.

Алты Алашқа сауын айтып, Құрылтайдың сайлауын өткіздік. Енді ертең сол Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтеді. Ә дегеннен ел атауынан қазақылықты сезінген Құрылтайдың алғашқы аяқалысын алдағы нөмірлерде бағамдаймыз.

Ендеше, қазақтың Құрылтайында ұлттық мүдде алдыңғы орында тұрғай!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!