Кейінгі жылдары жасанды интеллект өміріміздің әрбір саласына белсене араласып, күнделікті тірлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде мұғалім мен студент, мектеп оқушысы бұл технологияны емін-еркін меңгерген. Әсіресе, бұл жаңашылдық білім беру саласында анық сезіледі. Ұстаздар қауымы үшін ЖИ әрдайым көмектесуге дайын цифрлық көмекшіге айналды. Сабақ жоспарын құрау, интерактивті ойындар құрастыру немесе білім беру бағдарламасын әзірлеу бұрынғыдай көп уақыт алмайды. Бастысы – бұл құрал мұғалімнің алтындай уақыты мен күш-жігерін үнемдеп, нағыз шығармашылыққа жол ашады. Ал жасанды интеллектінің сабақ өту процесіндегі өзге де жасырын мүмкіндіктері қандай?
Осы және өзге де өзекті сауалдардың жауабын табу үшін 10 жылдық тәжірибесі бар педагог-модератор, әдістемелік құралдардың авторы әрі ЖИ саласының білікті маманы Айгерім Ниязовамен сұхбаттасқан едік.
– Сабақ беру процесінде ЖИ құралдарын алғаш рет қалай және не үшін қолдана бастадыңыз? – Жасанды интеллект құралдарын алғашында мұғалімнің күнделікті жұмысын жеңілдету үшін қолдандым. Сабақ жоспарын құру, тапсырмалар ойластыру, презентация мен көрнекілік әзірлеу көп уақыт алады. Ал ЖИ-ге дұрыс промпт берсеңіз, сол жұмыстардың жоспарын бірнеше минутта дайындап береді. Кейін оны өзімнің оқушыларыма, сабақ мақсатына қарай өңдеп, толықтырамын. Уақыт өте келе ЖИ тек уақыт үнемдейтін құрал емес, жаңа идея табуға көмектесетін шығармашылық серіктес екенін түсіндім.
– ЖИ сабақ жоспарын құруда, тапсырма әзірлеуде және оқушы білімін бағалауда уақытыңызды қаншалықты үнемдейді?
– Айтарлықтай үнемдейді. Бұрын бір сабаққа бірнеше тапсырма, деңгейлік жұмыс, бағалау критерийлерін дайындауға ұзақ уақыт кететін. Қазір ЖИ көмегімен оның негізгі құрылымын қысқа уақытта жасап аламын. Бірақ дайын материалды сол күйінде қолданбаймын. Міндетті түрде тексеріп, оқу мақсатына, оқушының жасына және сынып деңгейіне сәйкестендіремін. Меніңше, ЖИ мұғалімді алмастырмайды, бірақ мұғалімнің техникалық жұмысын азайтып, балаға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

– Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы ЖИ элементтерін енгізгеннен кейін қалай өзгерді?
– Балалардың қызығушылығы артқанын байқаймын. Әсіресе, интерактивті тапсырмалар, ойындар, визуалды материалдар, 3D суреттер немесе оқиғаға құрылған тапсырмалар оларды бірден қызықтырады. Қазіргі балалар ақпаратты мәтін арқылы меңгергеннен гөрі көзбен көріп, әрекет жасап, нәтижесін бірден байқап үйренгенді ұнатады. Сондықтан ЖИ сабақтың мазмұнын өзгертуден бұрын, оны балаға түсінікті әрі тартымды форматта ұсынуға көмектеседі.
– Нейрожелі арқылы жасалған сабақтың дәстүрлі сабақтан айырмашылығы неде?
– Ең үлкен айырмашылығы – сабақтың икемділігі мен визуалдығында. Бір тақырыпты әртүрлі деңгейдегі оқушыға бейімдеп, бірнеше форматта ұсынуға болады. Мысалы бір балаға қарапайым тапсырма, екіншісіне күрделірек логикалық жұмыс, үшіншісіне ойын түріндегі тапсырма дайындауға мүмкіндік бар. Дегенмен ЖИ қолданылған сабақ дәстүрлі әдістің орнын толығымен басуы керек деп ойламаймын. Керісінше, дәстүрлі педагогиканың тиімді әдістерін жаңа технологиямен үйлестірген дұрыс.
– Оқушылардың үй тапсырмасын тек ЖИ-ге жаздырып алып, өздігінен ойланбауы жиі кездеседі. Бұл мәселемен қалай күресесіз?
– Бұл – қазіргі білім берудегі маңызды мәселенің біріне айналды. Сондықтан оқушыға «ЖИ қолданба» деп тыйым салудан гөрі, оны дұрыс пайдалануды үйрету маңызды деп ойлаймын. Мысалы дайын жауапты көшіріп алу емес, ЖИ-ден түсінбеген тақырыбын түсіндіруді, мысал келтіруді немесе өз жауабын тексертуді сұрауға болады. Сонымен қатар сабақта оқушыдан өз шешімін түсіндіруін, неге дәл сол жауапты таңдағанын дәлелдеуін сұраймын. Егер бала тақырыпты түсінбесе, ЖИ жазып берген мәтінді жаттап алу да оның меңгерген білімін көрсете алмасы анық.
– Білім беруде жасанды интеллектіге тым тәуелді болып кету қаупі бар ма?
– Әрине, ондай қауіп бар. Кез келген технологияны шектен тыс қолдану адамның өздігінен ойлануына кері әсер етуі мүмкін. Мұғалім де әр сабақты толықтай ЖИ-ге тапсырып қойса, кәсіби шығармашылығы әлсіреуі ықтимал. Сондықтан ЖИ шешім қабылдайтын құрал емес, көмекші құрал болып қалуы керек. Соңғы шешімді әрқашан мұғалім қабылдауы тиіс.
– Алдағы 5-10 жылда ЖИ мектептердегі білім беру жүйесін қалай өзгертуі мүмкін?
– Менің ойымша, білім беру бұрынғыдан да жекелене түседі. Бір сыныптағы әр оқушының білім деңгейіне қарай жеке тапсырма беру, әлсіз тұсын анықтау, қосымша түсіндіру ұсыну сияқты мүмкіндіктер көбейеді. Мұғалімнің де көптеген қайталанатын жұмысы автоматтандырылуы мүмкін. Бірақ қанша технология дамыса да, мұғалімнің балаға бағыт беруі, қолдауы, тәрбиесі мен адами қарым-қатынасының орнын ешбір нейрожелі толық алмастыра алмайды.
– ЖИ-ді әлі қолданбай жүрген немесе одан қорқатын әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?
– Бірден күрделі платформаларды меңгеруге тырыспауға кеңес берер едім. Алдымен күнделікті бір қарапайым жұмыстан бастау керек. Мысалы, «осы тақырып бойынша бес тапсырма құрастыр» немесе «осы мәтінді бастауыш сынып оқушысына түсінікті етіп түсіндір» деген сұраныстан бастауға болады. ЖИ-ден қорқудың қажеті жоқ, бірақ оның әр жауабын тексеруді үйрену керек. Ең маңыздысы – құралды басқару. ЖИ сізді емес, сіз оны басқаруыңыз керек.

– Қазіргі цифрлық ұрпақтың ақпаратты қабылдау ерекшелігі қандай? Оларға сабақты қалай қызықты етуге болады?
– Қазіргі балалар ақпаратты өте жылдам қабылдайды, бірақ назарын ұзақ уақыт бір бағытқа шоғырландыру қиындау болуы мүмкін. Олар визуал, қысқа мәтін, әрекет, ойын және бірден кері байланыс алғанды жақсы көреді. Сондықтан сабақта тек мұғалім сөйлеп, оқушы тыңдайтын формат жеткіліксіз болып барады. Сабаққа қозғалыс, тәжірибе, пікірталас, интерактивті ойын, визуалды тапсырмалар енгізу керек. Бірақ қызықты сабақ міндетті түрде тек ойыннан тұрады деген сөз емес. Бастысы – бала сабақта өзі әрекет етуі керек.
– Сіздің ойыңызша, бағалау жүйесі оқушының шынайы білімі мен потенциалын көрсете ала ма?
– БЖБ мен ТЖБ оқушы білімінің белгілі бір бөлігін бағалауға мүмкіндік береді, бірақ баланың барлық қабілетін толық көрсетеді деп айта алмаймын. Кейбір оқушы жазбаша жұмыста қиналғанымен, ауызша өте жақсы жауап береді, шығармашылық тапсырмада немесе практикалық жұмыста өзін мүлде басқа қырынан көрсетуі мүмкін. Сондықтан баланы тек бір бақылау жұмысының нәтижесімен бағалау дұрыс емес деп ойлаймын. Бағалау жүйесінде оқушының ілгерілеуі, талпынысы, шығармашылығы, логикалық ойлауы және алған білімін өмірде қолдана білуі де ескерілуі қажет.
– ЖИ-ді сабақтарыңызда қалай қолданасыз? Оның балаға әсері туралы да айтып кетсеңіз.
– Мен жасанды интеллектіні сабақта тек мәтін немесе сабақ жоспарын жаздыру үшін емес, оқушының қызығушылығын арттыратын құрал ретінде қолданамын. Мысалы сабақ тақырыбына сай интерактивті ойындар, тапсырма карточкалары, жұмыс парақтары, инфографика, презентация, комикс, 3D көрнекіліктер дайындаймын. Кейде оқулықтағы қарапайым тапсырманы ЖИ көмегімен баланың күнделікті өмірімен байланыстырып, қызықты жағдаятқа немесе ойынға айналдырамын.
Математика сабағында есептерді жай ғана тақтаға жазып шығарудың орнына, оларды ойын, деңгейлік тапсырма немесе интерактивті жарыс түрінде беремін. Жаратылыстану сабағында балаға түсіну қиын тақырыптарды көрнекі инфографика, 3D модельдер арқылы көрсетемін. Әдебиетте шығарманың мазмұнын сториборд, комикс немесе кейіпкерлер бейнесі арқылы визуализациялауға болады. Осылайша бала мәтінді оқып қана қоймай, оны көз алдына елестетеді.
Тағы бір тиімді тұсы – әр оқушының деңгейіне қарай тапсырманы бейімдеу мүмкіндігі. Бір тақырып бойынша бірнеше деңгейде, мәселен қолдауды қажет ететін балаға жеңіл тапсырма, ал жылдам орындайтын оқушыға күрделірек, логикалық немесе шығармашылық тапсырма дайындауға болады.
Балаларға әсеріне келетін болсақ, ең алдымен олардың сабаққа қызығушылығы мен белсенділігі артады. Қазіргі бала цифрлық ортада өсіп келеді. Сондықтан қозғалысы бар, визуалды, интерактивті материалды тез қабылдайды. Бұрын тапсырманы орындауға аса қызықпаған баланың өзі ойын немесе ерекше визуал арқылы берілген кезде белсенді араласып кететінін байқаймын.
Бірақ мен үшін ЖИ қолданудағы негізгі мақсат – баланы таңғалдыру емес. Технология баланың орнына ойламауы керек, керісінше оны ойландыруы керек. Сондықтан ЖИ жасаған материалды сабақ мақсатына сәйкестендіріп, оқушының талдауына, салыстыруына, өз ойын айтуына және шешім қабылдауына бағыттауға тырысамын.
– Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!