inform.kz БҰҰ балалар қорының (ЮНИСЕФ) дерегінше, әлемде кедей отбасының 90 пайызы көпбалалы екен. Ал елімізде 6 миллион баланың 1 миллионы кедей отбасында өмір сүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, олардың басым көпшілігі көпбалалы отбасылардан шыққан. Қазіргі уақытта елімізде 487 мыңнан астам отбасы көпбалалы екенін ескерсек, онда бұл – бүгіннің өзекті мәселесі екені анық. Содан да болар, Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің болашағы саналатын балаларға ерекше көңіл бөлді. Мәселен, сарапшылар Ұлттық қордан қаржы бөлу де балалардың болашағына құйған инвестиция әрі әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына әсер етеді дейді.

Осы орайда, қазіргі кезде еліміздегі көп баласы бар отбасылар мемлекеттен қандай көмек ала алады, әр балаға неше теңге жәрдемақы берілетіні жөнінде материал дайындауды жөн санадық. Бұл туралы толғырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттің көпбалалы аналарға көрсетіп отырған қысқа мерзімді көмегі – жәрдемақы төлемі. Көпбалалы отбасылардың табысын есепке алмай берілетін бұл мемлекеттік жәрдемақы төлемі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап беріле бастаған еді. Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерін биыл орта есеппен 501,5 мың отбасы алып отыр. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны кім ала алады? 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент баласы бар отбасылар табысына қарамастан, үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасы болу үшін отбасында кем дегенде 4 бала болуы керек. Оларға – 50 975 теңге төленсе, ең көбі 16 балаға – 203 520 теңге немесе әр балаға 12 720 теңге алып отырады.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке-жеке төленеді.

Ай сайынғы бала күтіміне төленетін жәрдемақы

Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Қазір бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жасқа толық толғанға дейін төленеді. Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 27 261 теңге.

Айта кетейік, декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек. Яғни, соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау арқылы есептеледі.

Ұлттық статистика бюросының (2015-2019 жылғы жарияланым) мәліметі бойынша, балалардың 15%-ы табысы ең төмен отбасыларда тұрады. 2019 жылы Қазақстанда 6 110 156 бала (0-17 жас) тіркелгенін ескерсек, 916 523 бала кедейлік деңгейінде өмір сүреді.

ЮНИСЕФ 2019 жылғы есебінде Қазақстанда 15,6% бала кедейлік деңгейінде өмір сүреді деп көрсеткен. Осы ретте, мемлекет ана мен баланы қорғауға бағытталған әлеуметтік салада бірқатар қадам жасап жатыр.

Жолдауда не айтылды?

Мемлекет басшысының осы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері бір жарым жасқа дейін ұлғайтылатын болды. Ана мен баланы қолдаудың осы және басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында қарастырылады.

Бұдан бөлек, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы әйелдерге ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі де артады. Министрлік оны 7,4 АЕК-ке дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі мөлшері – 6,4 АЕК (19 603 теңге). Сонымен қатар «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан алуға немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді алуға бірінші кезекте құқылы.

Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылғанын көруге болады. Оған мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі, МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шаралары кіретінін атап өткен жөн. Сондай-ақ алдағы уақытта, әсіресе көпбалалы отбасылардың мәселесі мен оларға берілетін жәрдемақы мөлшері үнемі мемлекет бақылауында болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!