Соңғы жылдары білім беру саласында көп жаңалық естілді. Жыл бойы мектептің қауіпсіздік жүйесінен бас­тап, оқушыларға білім беру әдістемесіне дейінге өзгерістер легі толастамай, қоғам талқысына түскенін білеміз. Халық кей реформаның нәтижесіз болғанына сын айтса, кей талаптың білім сапасын көтеруге бағытталғанын растайды. Қалай болғанда да сала бір орында тұралап қалған жоқ. Енді, міне, келесі пікірталас планшет төңірегінде туып отыр.

Мәселенің бастауы өткен айда шықты. Қарашада өткен Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2023 жылы 400 мың бірінші сынып оқушысын Қазақстанда жасалған планшеттермен қамтамасыз ететінін жеткізген. Жобаның пайдасы мен тиімді тұсын тарқатқан министр аталған қадам экономкалық-әлеуметтік мәселелердің шешілуіне жол ашатынын тұспалдаған. Яғни, кітап санын азайту сөмкесі салмағын азайтса, бір жағы қазақстандық планшетті пайдалану отандық өндіріске серпін бермек.

Әрине, жоспарға енген планшет саны аз емес. 400 мың планшеттің бағасы мен талабын тұспалдау да қиынның қиыны. Осыған орай министрлік таңдау мәселесін қазақстандық байланыс операторларына беруді ұсынып отыр. Олар өздерінің ішкі корпоративтік стандарттарына сәйкес бағасы мен сапасы жағынан бәсекеге қабілетті жабдық нұсқаларын таңдайды. Бұл туралы министрліктің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен мәлімдеген еді:

«Планшеттің сапасы мен қауіпсіздігіне жоғары талаптар әзірленеді. Бұл қызмет көрсету орталықтарына қоңырау санын азайтады. Сондай-ақ кепілдіксіз жағдайда мектеп оқушыларының үздіксіз білім алуы үшін қысқа мерзімге ауыстыруға арналған қосымша планшеттер беру ұсынылады. Сатып алынатын планшеттер 4 жыл бойы (1-ден 4-сыныпқа дейін) пайдалануға болатындай өнімділігі жоғары болу керек деп болжануда. Планшеттердің кепілдік берілген қызмет ету мерзімі кемінде 36 айды құрайды», – деді ол.

Сонымен, планшет қалай беріледі? Алдымен мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынады. Сосын оны мектептерге тарату жұмысы басталмақ. Кейін оқушылар қолданатын оқулықтың электронды нұсқасы планшетке енгізіледі. Оған қоса белгіленген операторлар планшетке «симка» орнатып, арнайы бақылау жүргізуі ықтимал.

Бір ескерерлік жайт, планшет оқушыға басыбайлы табысталмайды. Оқу процесінің бүкіл кезеңінде планшет оқушыға мектепте де, мектептен тыс оқу кезінде де пайдалану үшін толығымен уақытша пайдалануға беріледі. Демек, тегін планшетті толық меншіктеу мүмкін емес.

Ал батыл бастама туралы халық пікірі екұшты. Көбі аталған жобаға бөлінуі мүмкін қаржы көлеміне шағымданса, енді бірі онсыз да күндіз-түні смартфоннан көз алмайтын баланың қолына планшет ұстатуға қарсы. Аталған сын-пікірлерге келіспеске де болмайды. Мысалы, оқушыларды планшетпен қамтамасыз ету құны шамамен 240 миллиард теңгеге бағалағануда. Бұл бюджет үнемдеу, бала денсаулығына басымдық беру ісін кенжелететіндей көрінеді.

Биыл баласы бірінші сыныпқа барған Қызылорда қаласының тұрғыны Айшолпан Күзембаева да көтерілген сауалға ата-ана тарапынан пікір білдірді. Айтуынша, көптеген ата-ана құзырлы органдардың мұндай шешіміне түбегейлі қарсы әрі талап-тілегін мектеп басшылығына ескертіп те үлгерген екен.

 – Ел дамығанын қоғам қолдайды. Заман талабына ілесу қажет. Алайда, бұл бастама қымбатшылық орнаған кезеңде тиімсіз. Оған қоса қазақстандағы мектепте интернет қолжетімділігі әрқилы, сыбайлас жемқорлық орын ала ма деп қауіптенеміз. Ең бастысы, енді ғана әріп танып, дүниеге жаңа көзқараспен қарай бастаған балаға планшет беру орынсыз. Смартфон-планшеттің көзге зиянын айтпағанда, кітапқа жететін құндылық жоқ екенін ұмытпасақ екен, – дейді ата-ана.

Аталған жобада өзге қиындық жетерлік. Мәселен, сабақ таңертең басталып, кешке бітеді, ал мектепте кемі 1000 оқушы бар. Олардың бәріне планшетті қуаттау қаншалықты қолжетімді болады? Міне, мәселе осында. Сондықтан сала мамандары планшеттерді мектепте жиі қуаттамау үшін құрылғыларға сыйымдылығы жоғары аккумулятор орнатуды жоспарлауда. Сондай-ақ үйде немесе барлық жерде планшетті қуаттау үшін кез-келген телефон қуаттағышын пайдалану мүмкін болмақ. Оқушыларға планшет берудің егжей-тегжейлі тетігі Оқу-ағарту министрлігімен келіскеннен кейін анықталатын болады.

Бәрі орынды делік, дегенмен мамандардың «400 мың отандық планшет» туралы пікірін естігенде еріксіз парадокс пайда болады. Министрлік шетелге тәуелді болмас үшін бүлдіршіндерді Қазақстанда жасалған планшеттермен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Б.Мусиннің өзі: «Біз бизнеске осындай планшеттер қажет деп сауал жолдадық. Олар оны мемлекетке сата алады. Ал мемлекет операторлар арқылы оқушыларға таратады. Біз бизнеске осындай ұсыныс айттық, енді жауабын күтеміз», – деді. Қызығы да осы тұс, Қазақстанда планшет шығарылмайды. Деректерге сүйенсек, тек компьютер мен ноутбук шығаратын зауыт бар екен. Оның өзі қуаттылығы мен сапа жағынан күмәнді тудыратын өндіріс. Министр де білсе керек, артынша «Планшет шығару үшін басқа линия қажет. Сондықтан оны бизнес талқылауы қажет», – деп ескертіпті.

Бірінші сынып оқушыларын планшетпен қамту ұсыныс Оқу-ағарту министрлігіне жеткенде оқиғаның мәні ашыла түсті. Мамандар бірден планшет оқулықты алмастырмайтынын, тек қосымша құрал ретінде қолданылатынын жеткізді. Яғни, балаларға электронды күнделіктер, оқулықтар мен цифрлы білім беру ресурстары орнатылатын планшеттермен қатар бұрынғыдай басып шығарылған оқулықтар да беріледі. Осылайша, балалар цифрлы сабақтар, жаттығулар, тапсырмаларды планшет көмегімен орындауына мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, халықтың сын-пікірін ескерген министрлік ресми мәлімдеме де жариялаған болатын. Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов министрліктің ресми позициясын айта келе, интернеті нашар өңірлер үшін жүктелген цифрлы сабақтар, тапсырмалар, білім беру ресурстарын офлайн пайдалану қарастырылатынын атап өтті.

«Егер қандай да бір себептермен бала планшеттерді қолданғысы келмесе, онда ол әдеттегідей дәстүрлі оқулықтарды және стационарлық құрылғылардан білім беру ресурстарына қол жеткізе алады. Яғни ол оқулықты алмастырмайды, бұл – оқудың қосымша ресурсы. Таңдау ата-аналар мен оқушылардың еншісінде болады», – деп түсіндірді оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.

Иә, әрбір бастама төңірегінде қызу талқы болары анық. Ол қоғамдық көзқарас деңгейінің өскенін, халықтың ой-пікірді бейтарап айтуға дағыдылана бастағанының көрсеткіші. Бүгінгі планшет туралы тараптар пікірі де жобаны жетілдіруге сеп болып, ең тиімді шешім қабылдауға түрткі боларына сенім мол.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!